Астана - мәңгілік қала

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат Қазақ тілі - өте бай, сұлу тіл. Тарихтың небір қиын-қыстау кезеңінде сырттан танылған, кері ықпалға төтеп берген тіл. Оның өне бойында ерекше бір тарих жатыр. Сол тіліміздегі ерекше тарихтың бір сыры - Астана атауы. Өйткені Астана - кешегі ата-бабаларымыздың сөйлеген ескі тілінің жасампаз тарихы.

Атақты орта ғасырлық тарихшы, шежіреші Әбілғазының төрт мың жылдық тарихты баяндайтын «Түркі шежіресі» жылнамасында топан судан аман қалған Нұқ Пайғамбардың үш баласының бірі Йафет өз жұртымен Еділ мен Жайық өзендері аралығын қоныстанғанын айтады. Тарихи жылнамада Йафеттің сегіз баласының есімдері Түрк, Хазар, Саклаб, Орыс, Минг, Шың, Кемер, Тарықтар екені баяндалады. Этногенездік қазан ішінде сапырылысқан Йафеттің осы сегіз баласы кейін қазақтардың, Орта Азия халықтарының, славяндардың, кавказ халықтарының, иран, пәкістан, солтүстік үнді, ауған, хотан халықтарының арасына сіңісіп кетті. Олай болса, тұрақ, уақытша мекен мағынасындағы көне түркілік стан - станица сөзінің аталған елдерге тән болуы осыдан. Сақ этнонимі асақ, ассақ болып та айтылған.

Бұған дәлел- - Қазақстанның Маңғыстау облысы Ассеке ауданы мен Ассеке ойысының атауы. Сондай-ақ Пәкістанның Сват жазығында б.д.д. ІІІ ғасырда болған Ассакен мемлекетінің атауы. Ассакен атауы мен осы елдің бас қаласы Массака атауына ғалымдар сақ этнонимінің өзі деп айтады. Қазақстан астанасының атауы Астана деп қойылды. Дегенмен, әр нәрсенің шығу тарихы бар дегендей, неліктен астанамыз Астана аталды деген заңды сұрақ туады.

Елбасы Н.Назарбаев астанаға байланысты өз толғанысын былай жеткізеді: «Бір күні түнде, дәлірек айтқанда, түнгі екіде жаңа астананың аты Астана болады деген ой келді маған. Астана - ол Астана! Қай тілде де, ұғымды, ұран тәрізді». Елбасымызға осындай ұлы ойды әкелген ол - ұлттық Рух және салт-дәстүр. Қайта жаңғыру жолындағы бабаларымыздан мирас болып қанымызға сіңген салт-дәстүр тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді тудырады. Әлбетте, жаңғырған қоғамның өзінің тамыры, тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты - ұлттық кодты сақтау. Халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша мән беру - Отанға деген ерекше ықылас туғызады. Бұл өз кезегінде халықты ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда Астана атауы халқымыздың рухани, экономикалық өрлеуіне алып келетін символдық қалқан болса керек.

Туымызда бүркіттің, Елтаңбамызда тұлпар-пырақтың бейнеленулері Астана атауымен біте қайнасып, мемлекетіміздің тұтастығын, халқымыздың бірлігін сипаттаса керек. «Күлтегін» руна жазуында «Барс бег ерті» - барс бек елі, деп жазылған. Тіл заңдылығында бури, бөрі сөздері бурус, барс деп айтылатыны жоққа шығарылмайды. Олай болса, Астана қаласының эмблемасында Барыстың бейнеленуі кездейсоқтық емес.

Бұл Тәуелсіз мемлекетіміздің қайта қалыптасып, жаңаруы мен Қазақстан халқының рухани дамуының белгісі болып табылады.
1925 жылы Қазақстанның астанасы Орынбордан Қызылорда қаласына көшірілгенде классик жазушы Бейімбет Майлин «Астана» атты өлең жазғаны бар.
Дегенмен де, Кеңес дәуірінде өз алдына жеке мемлекет болған қазақ халқының толық тәуелсіздігі болған жоқ. Сол кезде Қызылорда, Алматы қалалары астана болған елімізде ауыр зардаптармен қатар белгілі бір жаңғыру жүргені рас. Бірақ та, бұл - ұлттың емес, аумақтың жаңғыруы еді. Ал астана үшінші мыңжылдыққа аяқ басқан ұлтымыздың пассионарлық дүмпуінің нәтижесі мен кескін-келбеті.

Атақты түркітанушы, ғұлама ғалым Л.Гумилев: «Таяу уақытта қазақ елінде күшті серпіліс, пассионарлық дүмпу жүреді. Сол дүмпудің нәтижесінде қоғамды алға сүрейтін тұлғалар туады. Және ол тұлға алдына үлкен мақсат қойып күреседі және соған қол жеткізеді» деп айтқан. Мұны біз дүмпудің нәтижесі Астана қаласында өтіп жатқан алқалы үлкен жиындардан, қазақ елінің әлемнің алпауыт елдерінің арасында өзін танытқанынан көріп отырмыз.

Мәңгілік елдің мызғымас Жеті тұғы¬рының бірі - Тәуелсіздік пен Астана. Ол тұтастығымызды айқындап тәуелсіздік миссиясына адал Қазақстан халқының күш-қуатын көрсетеді. Астана - Қазақстанның аумақтық тұтастығы мен халықаралық қауіпсіздігінің кепілі. Халқымызды берекеге, молшылыққа және тұтастыққа әкелетін Астана қазақстандықтардың саяси стратегиялық жеңісі. Жаңа дәуірдің жаңа астанасы, яғни тәуелсіз мемлекетіміздің жаңа символы Нұр Астана мәңгілік жасай берсін.