Еске салайық, Астана қала маңы аумағына үш аудан кіреді, олар: Аршалы, Целиноград және Шортанды аудандары. Бұл туралы бүгін Өңірлік даму министрлігінде Астана қаласы мен оның маңындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға арналған кеңесте мәлім болды.
«Астана қала маңы аумағындағы жерді түгендеу нәтижесінде жалпы көлемі 222 мың гектарды құрайтын 5 мың 522 жер учаскесінің пайдаланылмай жатқаны белгілі болды. Олардың арасынан 98 мың гектарды құрайтын 599 жер учаскесі мемлекеттік меншікке қайтарылды», деді жиын барысында Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Бауыржан Смағұлов. Оның айтуныша, түгендеу нәтижесінде жалпы аумағы 48 мың гектарды құрайтын 3689 жер учаскесі иесіз ретінде есепке алынған. Есепке алынған осы жер учаскелері 1 жыл өткеннен соң мемелкет меншігіне өтетін болады. Бұдан бөлек, 14 мың гектарды құрайтын 140 жер учаскесі бойынша азаматтық-құқықтық мәмілелер жасалған.
«23 мың гектар бойынша 105 жер учаскесінің иелері мен жерді пайдаланушыларға жазбаша ескерту хаттар жолданды. Ендігі күні олар жер телімдерін игермейтін болса, онда бұл учаскелер де мемлекет меншігіне қайтарылады. 23 мың гектарды құрайтын 101 жер учаскесіне арыз-шағымдармен жұмыс атқарылып жатыр. Ал алдағы 2014 жылы 14 мың гектарды құрайтын 585 жер учаскесіне қайта тексерулер жүргізіледі», - дейді Б. Смағұлов.