Астана маңында бір отбасы өрт салдарынан баспанасыз қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының маңында - Ақмола облысы Қараөткел ауылында түнде үш балалы отбасы тұратын жеке үй өртеніп кетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Түнде пешті қатты қыздырғандықтан, оның гуілдеген дыбысын естідік. Қазандық жарылып кетті. Үйіміз ағаштан салынғандықтан, жарты сағаттың ішінде барлығы өртке оранды. Ешкім зардап шеккен жоқ, біз шығып үлгердік. Кейін газ баллоны жарылды», - деді үй иесі Меңке Ысқақова.

Үй 2009 жылы тұрғызылған, сақтандырылмаған. Оның айтуынша, олар қазір көршілерінің үйінде тұрып жатыр.
«Көршілерім жазға дейін осында тұруды ұсынды. Үйде ешқандай жиһаз жоқ, кенттегі екі мектеп диван, асүй үстелі мен орындықтар береміз деп отыр. Сондай-ақ, олар киім-кешек пен мектепке қажетті құралдармен қамтамасыз етпек. Әкімдік те қаржылай көмек беруге уәде етті. Қазір бізге азық-түлік пен ыдыс-аяқ керек», - деді әйел.

ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі Руслан Иманқұлов «ҚазАқпарат» ХАА-ға өрт аумағының 150 шаршы метр болғанын хабарлады. Қоңырау 25 қаңтарда түнгі 03:20-да түскен. Өрт таңғы сағат бесте ауыздықталып, алтыларда сөндірілген.

ТЖ-ның алдын ала себебі - жылыту пеші құрылғысын қолдану кезінде өрт қауіпсіздігі ережесінің бұзылуы.