Астана маңында қазақтың құмай тазысының байқауы басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласы маңында орналасқан «Балқарағай» демалыс кешенінде қазақ құмай тазыларының республикалық байқауы басталды.

««Қансонар» қауымдастығы қазақ тазы иттерінің шығу тегі Қазақстан аумағынан тарағанын дәлелдемек. Сонымен бірге, нағыз қазақы құмай тазы өлшеміне толған тазы иттерді іріктеп, сертификат бермек»,-делінген таратылған мәліметте.

Іс-шара аясында тазы иттердің көрмесі, тазы иттердің жарысы, бүркіттердің бәсекесі, сонымен бірге, концерттік бағдарлама көрермен назарына ұсынылады.

Ұйымдастырушылар байқауды «Балқарағайда» өткізуді ұйғарды. Себебі, демалыс кешенінің орналасқан жері мен көлемі ыңғайлы, әрі мұндай ішараны ұйымдастыруға инфақұрылымы сай келеді.

Бұл байқау бүгін Қазақстанның барлық аумағынан тазы өсірумен айналысатындар жиналады. Шараның мақсаты - қазақ халқының игілігі мен тарихи-мәдени мұрасының бір бөлігі болып табылатын қазақ тазысын сақтап қалу және оны барынша таныстырып, насихаттау. Іс-шараны ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдасығына қарасты «Құмай» федерациясы мен Республикалық «Қансонар» қауымдастығы бірлесе ұйымдастырды.