Астана маңында жаңа екі автобекет ашылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада қаланың көлік кешенін жаңарту мақсатында жолаушыларды қалалар арасында тасымалдайтын екі автобекет ашылады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бұл туралы Астана қаласы Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердинов әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті. 

«Алай - Astra» және «Кеңмарт - Astra» көлік орталықтарының ашылуы «Астана» темір жол вокзалы мен «Сапаржай» автовокзалы маңындағы көлік кептелістерін азайтуға мүмкіндік береді. Жаңа автобекеттер жолаушыларды мінгізу және түсіру аймақтарымен, билет кассаларымен, күту залдарымен және сақтау камераларымен жабдықталған. 800 орындық ыңғайлы автотұрақ аумағы да бар», - деп хабарлады Бекмырза Игенбердинов.

Сонымен бірге, басқарма басшысы жаңа автобекеттердің жұмысы 22 шілдеде басталатынын және бұдан былай қалааралық бағдарларлардың қала ішіне кірмей, айналма жолдар арқылы өтетінін жеткізді.

«2017 жылдың 22 шілдесінен бастап, «Алай Astra» көлік орталығынан Павлодарға және оңтүстікке бағыт алған қалааралық автобустар жөнелтіледі. Ресми қалааралық тасымалдаушылар 9 бағыт бойынша, күніне 23 рейске қызмет көрсететін болады. Сондай-ақ, 22 шілде күні «Кеңмарт Astra» көлік орталығынан Қарағанды және оңтүстік бағыттар бойынша қалааралық автобустар іске қосылады. Ресми тасымалдаушылар 8 бағыт бойынша күніне 41 рейске қызмет етеді», - деп толықтырды ол.

«Алай - Astra» көлік орталығы С 316 көшесі, 5 үй мекенжайында, яғни Орталық базардың артында орналасқан. Бұл орынға №7, 11, 34, 38, 39, 41, 307, 503 қалалық автобустар арқылы жетуге болады. Сондай-ақ, 22 шілдеден бастап, «Нұрлы жол» темір жол вокзалы мен «Алай - Astra» автобекетін жалғайтын қалалық №201 түнгі экспресс бағдары іске қосылады.

«Кеңмарт Astra» көлік орталығы Астана-Қарағанды тас жолы, 45-ғимаратта орналасқан. Бұл орынға 4 қалалық және 2 қала маңы бағдарлары - №9, 29, 80, 304, 315, 506 автобустар қатынайды.

Тағы бір атап өтерлігі, алдын ала сатып алынған қалааралық билеттер Астананың барлық автобекеттерінде жарамды болмақ. Яғни, қалааралық жол билетін сатып алған жолаушы сапарға «Алай Astra», «КеңМарт - Astana» немесе «Сапаржай» автобекеттерінің бірінен аттана алады.