Астана маңындағы әскери бөлімде лаңкестікке қарсы операция өткізілуде (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Елорда маңындағы әскери бөлімде лаңкестікке қарсы операция өткізілуде. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

68665 әскери бөлімінде 2016 жылға арналған ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің басқару органдары, құрамалары мен бөлімдерінің дайындық жоспарына сәйкес әлеуетті министрліктер мен ведомстволардың күштері мен құралдарын тарта отырып, жергілікті жердегі екі дәрежелі командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды.

Бұл оқу-жаттығудың ерекшелігі - бригада бөлімшелерінің лаңкестікке қарсы операциялар тапсырмаларын орындау, арнайы әскери іс-қимылдарды ұйымдастыруы болмақ. Әскерилер іс жүзінде әскери құралымдардың басқару органдарымен, аумақтық әскерлермен  жедел және тактикалық деңгейде өзара іс-қимылды пысықтайды.

Қауіптілігі төмен қарулы жанжалдарда Қарулы күштерді қолданудың халықаралық тәжірибесі ескеріле отырып, арнайы мақсаттағы бөлімшелерді даярлау мен жетілдіруге ерекше көңіл аударылды. Оқу-жаттығуда әлеуметтік-саяси жағдай шиеленіскен тұс негізге алынған. Дүкендердің жаппай ойрандалуы мен әкімшілік ғимараттар мен көліктің өртенуіне ұласуда. Бұның бәрі лаңкестікке қарсы операцияның жүргізілуі мен арнайы әскери іс-қимылдардың ұйымдастырылуына себепкер болуда. Аңыз бойынша елдің жолы қиын аудандарында атыс қаруымен, қол гранатаатқыштары, тасымалданатын минаатқыштармен қаруланған 100-150 адамнан құралған жауынгерлік жасақтар пайда болған. Топттың бірі ірі елді мекеннің жеке ғимаратында орналасқан. Оқу-жаттығуға қатысушылардың міндеті - ауданды қоршауға алу, заңсыз қаруланған құралымды жою.

Оқу-жаттығуды өткізу кезінде лаңкестікке қарсы операцияны жүргізу үлгілері мен тәсілдерін дамытудың негізгі үрдісі ескерілетін болады. Ол блок-бекеттердегі бөлімшелердің оқшаулау-бұғаттау іс-қимылдары, маңызды мемлекеттік нысандарды күзету мен қорғау және содырларды жою. 

Оқу-жаттығуға Құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқармасының, 68665 әскери бөлімінің, ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметшілері, Астана қаласының Төтенше жағдайлар комитеті, ҚР Ұлттық ұланы тартылады. Оқу-жаттығуға барлығы  1000-нан аса жеке құрам және 200-ден астам бірлік әскери техника қатысады.