Мұндай жеңілдік қала шетінде тұратын тұрғындарға ғана қарастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің медиа орталығына сілтеме жасап.
Білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әнуар Жаңғозиннің айтуынша, ол үшін www.e.astana.kz порталында «Елді мекендердегі балабақшаны таңдау» жеке функциясы енгізілген.
«Қала шетінде, яғни, Ильинка, Пригородный сынды елді мекендерде орналасқан балабақшаларда балаларды қабылдау баяу жүргізілуде. Өйткені ондағы балабақшалар сол ауданның тұрғындары үшін ғана қажет. Сәйкесінше, біз оларға жалпы кезек санын күтіп қалмаулары үшін жеке қызмет көрсетеміз. Бірақ, бұл жекелеген аудандарда орналасқан балабақшаларға ғана қатысты», - деді Ә.Жанғозин.
Бүған дейін хабарланғандай, 2017 жылы Астанада мемлекеттік балабақшаларға 6310 орын бөлінді. Бұл ретте, мемлекеттік балабақшалардағы жалпы бос орындар қатарына қала маңындағы елді мекендердегі бос орындардың саны да кірген.
«2017 жылға бөлінген 6310 орынның жартысынан көбі тапсырылды. Неге барлығы емес? Себебі біз ата-аналарға хабарландыруларды смс немесе электронды пошта арқылы жібереміз, алайда, барлығы бірдей ол хабарландыруды ала бермейді. Кейбірі қоныстарын ауыстырып жіберген, енді басқалары жеке меншік балабақшаларға барып жүр және басқа да себептерге байланысты балабақшадағы орын оларға керек болмай қалады. Сәйкесінше, бос орындарды беру мерзімін тездету үшін біз енді күту уақытын 15-тен 5 жұмыс күніне дейін қысқартамыз», - деді Ә.Жанғозин.
Оның айтуынша, 15 жұмыс күні бойынша күту мерзімі мектепке дейінгі мекемелердегі қабылдау үдерісін баяулатады. Келесі кезекте тұрған балалардың ата-аналары тағы жарты айлап күтулеріне тура келеді.