«Астана Марафон» жаппай жүгіру шарасы 4 қыркүйекте өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана Марафон» жаппай жүгіруінің басталуына 7 күн қалды. Бұл жөнінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов өзінің Instagram аккаунтында еске салды.

4 қыркүйек күні таңғы 8-де «Астана марафон» жаппай жүгіруі басталады. Бұл спорттық шараның ұраны - «One Steppe Beyond» (Шектен тыс бір қадам). Жиналған барлық қаражат қайырымдылық қорларына беріледі.

Биылғы марафон 10, 21 және 42 шақырым қашықтықтарға жоспарланған. Марафонға 16 жастан асқан кез келген тұрғын қатыса алады.

Астанада 2009 жылдан бері марафон өтіп келеді. Қайырымдылық жүгіруіне бес мыңға жуық адам қатысады деп болжануда, оның арасында шетелдіктер де бар. Бразилия, Ұлыбритания, Германия, АҚШ елдері өтінім беріп үлгерді, деп жазады pm.kz.