«Астана-Мәскеу» жайлы әрі жолаушыларға қызмет көрсету сапасы жоғары пойызы Мәскеуге жүріп кетті

АСТАНА. Маусымның 9-ы. ҚазАқпарат - Бүгін таңертеңгі сағат 06.50-де №71/72 «Астана-Мәскеу» бағытындағы үлгілік пойызы елорда вокзалынан аттанып кетті, деп хабарлады «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі.

«Астана-Мәскеу» пойызы жайлылығы және қызмет көрсету сапасы жоғары алғашқы пойыз болмақ», - делінген таратылған хабарламада.

«Компания жобаны жүзеге асыру барысында бұрын осы бағытта қатынап тұрған вагондарды жаңартты. Осы заманғы материалдарды пайдалана отырып, вагондардың ішкі және сыртқы дизайнын жақсартты, қызмет көрсететін кадрларды іріктеуге көңіл бөлінді», - деп атап өтілген баспасөз баянында.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ енді №7/8 «Алматы-Мәскеу» пойызын да осылай жаңғыртпақ. «Келесі жылы тағы үш бағыттағы теміржол көліктері жайлылығы жақсартылған пойыздар мәртебесіне ие болады»,- делінген хабарламада.