Бұл туралы әкімшіліктен хабарлады.
Жобаның таныстырылымын жасаған Астана қаласының Бас жоспары ҒЗЖИ директорының орынбасары Бақтыбай Тайталиев атап көрсеткендей, 2001 жылы халықаралық ықпалдастық жөніндегі жапондық агенттік (ЯАМС) қаланың Бас жоспарын әзірлеген кезде, ел қарқынды дамып, елорданың құрылысы жылдам жүріп жатты. Соған орай қала халқының саны арта түсіп, құжатқа өзгерістер енгізу қажеттігі туындады.
Қаланың балансталған қажеттілігін қамтамасыз ету үшін Бас жоспарда үш басымдықты бағыт айқындалған: Астананы қала маңы аумақтарының дамуынан ажыратпау; қала тіршілігіне қажетті құрамдас ретінде көлік инфрақұрылымын дамыту; қала аумақтарын игеруде қалақұрылысы регламенттерін орнату.
Енгізілген түзетулерге сәйкес, Астананың 30-60 шақырым радиустағы қала маңы аймақтары, қала құрылысымен реттелетін ерекше аймақтар ретінде белгіленді. Осы қашықтықта орналасқан елді мекендерге дейін (Қорғалжын, Павлодар, Көкшетау, Қостанай, Қарағанды, Ерейментау, Қосшы, Майбалық тас жолдары) «үш параллельді көше» салынатын болады. Орталық - бірінші көше қоғамдық көліктерге арналған, қалған екеуі - жанама көшелер.
Қала ішінде сондай-ақ, қоғамдық автобустардан жеңіл рельсті көлікке қайта отыруға болатын бес терминал құрылады. Оған автокөліктердің көпдеңгейлі паркингі мен велосипед бекеттері кіреді.
Үздіксіз қозғалысқа арналған кіші айналма магистраль, қаланың орталық көшелерімен айналып өтіп, алты ауданды біріктіреді. Олар кейін эстакадалар мен жолдардың құрылысы барысында жалпы қалалық және аудандық маңыздағы магистральді көшелермен түйісетін болады.
Онымен бірге, қала орталығында орналасқан өнеркәсіптік, коммуналдық-қойма нысандары мен ескі жер үйлер ысырылып, олардың орнына Бас жоспарға сәйкес, көпқабатты үйлер тұрғызылатын болады.