«ҚР Президентінің Телерадиокешені үшін биыл – өрлеу мен өзгеру, ширау мен шарықтау жылы болды. Біздің үлкен ұжым қайта түледі. Еліміздегі саяси һәм тың реформалар біздің де маңызды шешімдер қабылдауымызға түрткі болды. Өздеріңіз білесіздер, жыл басында төрткүл дүние түгел Қазақстанға көз тікті. Әлемдік БАҚ біз ұсынған ақпараттарды таратты. Бұл - әлемде өте сирек кездесетін құбылыс. Сондықтан, осындай оқиғалар кезінде біздің үніміз сенімді әрі сергек шығуы үшін бізге әлем мойындайтын отандық медиабрендтер керек», - деді Тілеген Әбішев Astana Media Week «Ортақ сын-қатерге ортақ жауап» панельдік сессиясында.
Өз сөзінде спикер еліміз туралы көзқарастың боямасыз, нақты ақпарат ретінде қалыптасуы керегін айтты. Оның сөзіне қарағанда, қ азіргі күні әлем назары жекелеген медиаға емес, түрлі форматпен жан-жақты жанрдағы талдау хабар тарататын контент өндірушілерге ауған.
«Сондықтан біз сапалы техникалық қызмет көрсететін құрылымнан қазақ елінің жаһандық көзқарасы туралы контент қалыптастыратын экожүйеге көштік. Биылғы сәуірден бастап, біздің құрамымызға ғасырдан астам тарихы бар «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі мен Qazaq TV телеарнасы кірді. Қазіргі таңда ҚазАқпарат агенттігі 5 тілде – қазақ, орыс, ағылшын, қытай, өзбек тілдерінде хабар таратады. Бұдан өзге бейресми латын қарпі мен төте жазуда қандастарымыз үшін ақпарат алу мүмкіндігі қарастырылған», - деді Тілеген Әбішев.
Ал Qazaq TV телеарнасы 2001 жылы Caspionet деген атаумен ашылды, содан кейін 2012 жылы Qazaq TV деп өзгерді, биылғы сәуірден бастап Jibek Joly атауына ие болды.
«Қазіргі уақытта біздің контентіміз де өзгерді, Jibek Joly телеарнасы күнделікті жаңалықтар мен жаңалықтар топтамасын шығарып отыр. Бізде екі тармақ бар. Біріншісі – ішкі нарыққа арналған, Қазақстанның барлық аймағын қамтыса, екінші тармақ – әлемдік бағытқа, яғни 120 елге тарайды.
Қазір Jibek Joly телеарнасы да 5 тілде – қазақша, орысша, ағылшынша, өзбекше және қырғызша хабар таратады. Әлемнің 10 мемлекетінде тілшілеріміз бар. Қазір республика ішіндегі және шет елдермен байланысты одан әрі нығайтуды жоспарлап отырмыз. Сондықтан алдымызда үлкен мақсаттар тұр. Телеарнаның жаңалықтар шығара бастағанына 60-ақ күн болды. Қазір біз елдегі ішкі жаңалықтар мен геосаяси ахуалды да назардан тыс қалдырмаймыз. Президент Телерадиокешені болғандықтан, біздің басты ньюсмейкеріміз – Мемлекет басшысы. Елді алаңдатқан, халықаралық аренадағы Қазақстанның ұстанымы қандай болуы керек деген көзқарасқа толық жауап береміз және бұл сауалды үнемі жадымызда ұстаймыз», - деді Тілеген Әбішев.
Айта кетейік, Astana Media Week жиыны елордада 26-28 қазан күндері өтеді. Онда 150 отандық және халықаралық спикердің қатысуымен 30-дан астам іс-шара өтеді.
Бірінші күні AMW қатысушылары панельдік сессия аясында Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстан сияқты Орталық Азия бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен ортақ сын-қатерлерге ортақ жауаптарды қалай табуға болатынын талқылауда.
Сонымен бірге, бүгін Astana Media Week аясында Nickelodeon телеарнасы мен Turanews.kz жаңа ақпарат порталының тұсаукесері өтеді.
Astana Media Week дәстүрлі түрде баспасөз, радио, Интернет-журналистика саласындағы үздік жетістіктері үшін «Үркер» сыйлығының салтанатты рәсімімен аяқталады.