«Жаңа технологиялар білім саласына түбегейлі революция жасайды деген ұстаным баяғыдан айтылатын. Осыдан бір жарым ғасыр бұрын радио шыққанда, енді дәстүрлі консервативті білім саласы өзгереді, революция болады деген болжамдар айтылды. Бір қызығы, радиодағы бірінші бағдарламалар оқу-ағарту бағытында болды. Алайда оқыту саласында аса үлкен өзгеріс болған жоқ. Теледидар шыққанда да, интернет пайда болғанда да сарапшылар түбегейлі өзгерістер болады деп болжаған еді. Әрине пандемия аздаған өзгеріс әкелді, дегенмен, сол сынып, сол оқытушы, дәстүрлі оқыту сақталып қалды», - деді Саясат Нұрбек.
Сонымен бірге, Ғылым министрі қазіргі гибридтік шынайылық туралы баяндады.
«Шын мәнінде, қазіргі таңда білім саласында үлкен өзгеріс болайын деп тұр. Келесі онжылдықта бұл өзгерісті көретін боламыз. Неге десеңіз, енді ақпарат виртуалды форматта жасалып, виртуалды форматта тарайды. Біздің балаларымыз екіге жарылған қос әлемнің ортасында жаңа виртуалды шынайылыққа үйреніп кеткен. Яғни олар – жаңа вируталды ақпаратты қорытуға дайын буын. Мәдениет, құндылықтар өзгеріп жатыр, сондықтан біз де ақырындап дайындықты бастадық. Мәселен, Digital bridge конференциясында Huawei компаниясымен 50 цифрлық зертхана ашуға уағдаластық, TikTok компаниясымен арнайы бөлек меморандум жасап жатырмыз. Шын мәнінде біздің жаңа сапарымыз, жаңа шынайылығымыз қалай болады, біздің саламызға қалай әсер етеді – алдағы үш күнде үлкен пікірталас болғалы тұр», - деді С. Нұрбек.
Бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі журналистерді оқытуда әр өңірдің ерекшелігі ескерілетінін айтқан еді.
Айта кетейік, Astana Media Week 26-28 қазан күндері өтеді. Онда 150 отандық және халықаралық спикердің қатысуымен 30-дан астам іс-шара өтеді. Жылдың басты тақырыбы - «Жаңа дәуір – жаңа медиа». Тақырып жобаның үш құндылығын ашуы тиіс: жаңа дәуірдегі сенім, жаңа уақыттағы кәсібилік және БАҚ-тың үздіксіз дамуы.
Бірінші күні AMW қатысушылары панельдік сессия аясында Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстан сияқты Орталық Азия бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен ортақ сын-қатерлерге ортақ жауаптарды қалай табуға болатынын талқылайды.
Сонымен қатар, бүгін Astana Media Week аясында Nickelodeon телеарнасы мен Turanews.kz жаңа ақпарат порталының тұсаукесері өтеді.
Astana Media Week дәстүрлі түрде баспасөз, радио, Интернет-журналистика саласындағы үздік жетістіктері үшін «Үркер» сыйлығының салтанатты рәсімімен аяқталады.