ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев тұңғыш рет өтіп отырған «Astana Media Week»-тің тек Қазақстанда ғана емес, аймақтағы ортақ медиа нарықты қалыптастыруға және одан әрi дамытуға негiз болатынына үлкен сенім артып отыр. Ал аталған шараны «Қазмедиа» орталығында ұйымдастырудың өзіндік себебі де жоқ емес. «Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен iргесi қаланған «Қазмедиа» орталығы алдағы уақытта аймақтағы ықпалды медиахаб ретiнде үлкен рөл атқармақ. Astana Media Week осы орталық аясындағы бiрегей медиаға айналады деп сенемiз. Тұтастай алғанда, бүгiнгi шараның басты мақсаты - отандық медиа нарықты дамыту ғана емес, мәдени және ақпараттық байланыстарды да тереңдету. Бiрнеше күнге созылатын жиынды осы саладағы соңғы өзгерiстер мен цифрлық технологияларды дамыту, өңiрлiк БАҚ-тың мәселелерi талқыланады. Осының барлығы қатысушылар үшiн озық тәжiрибемен танысып, шеберлiгiн шыңдауға, жаңа технологияларды ел игiлiгiне жаратуға берiлген үлкен мүмкiндiк», - дейді Дәурен Әскербекұлы.
Бүгін апталыққа қатысушылар өзара танысып қана қоймай, өз жобаларын да таныстырды. Әріптестік байланыстарды орнатты. Отандық теледидарды дамытуға қатысты ұсыныстар да айтылды. Мәселен, «Астана» арнасының бас директоры Ләззат Танысбай өз әріптестерін қазақ тілді жобаларды көптеп шығаруға үндеп отыр . Себебі бүгінде ондай жобаларға сұраныс жоғары. Алайда арналар тарапынан ұсыныс аз болып тұр. «Бүгін менің әріптестерім өз жобаларын таныстырды. Алайда оның ішінде мемлекеттік тілде жобалар аз. Негізі, бүгінде қазақ тілді көрерменнің тарапынан ондай жобаларға сұраныс жоғары. Бірақ біз оны толтыра алмай отырмыз. Алдағы уақытта осы мәселеге баса назар аударып, қазақ тілді жобаларды көптеп шығару қажет», - дейді Танысбай теледидар мәселелеріне арналған сессияда. Осы орайда арна басшысы сериалдар саласындағы қазақ тілді жобаларды мысал ретінде келтірді. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін «Астана» арнасы біраз сериалдарды түсіріп шықты. Соның ішінде «Жібек» сериалы рейтингте бірінші орыннан түспей келеді. «Осының өзі мемлекеттік тілде түсірілген жобаларға деген жоғары сұраныстың дәлелі болса керек», - деп атап көрсетті Танысбай.
Ал «Болашақ» корпоративті қорының директоры Динара Шәйжүнісова қазақ тілінде дубляждалған Disney мультфильмдерін отандық телеарналарда көптеп көрсету қажет деп санайды. Себебі ондай туындыларды балалар жиі көреді. Шетелдік фильмдер мен мультфильмдерді қазақ тілінде дубляждау жайын айтқанда қор басшысы көз жасын да жасырмады. «Мен өзім Қазақстан жерінде туған жоқпын. Содан болар, туған тілімде жетік сөйлей алмаймын. Бірақ балаларымның ана тілінде сөйлегенін қаладым. Байқап қарасам, балалардың бәрі Disney мультфильмдерін жақсы көреді. Сөйтіп, ол туындыларды қазақ тілінде дубляждау бастамасы қолға алынды. Қазір кішкентай қызым туған тілінде таза сөйлеп жүр. Сондықтан теледидарда қазақ тілінде дубляждалған фильмдерді көптеп көрсету керек», - дейді Шәйжүнісова. Оның айтуынша, «Болашақ» корпоративті қоры шетелдік фильмдерді дубляждаудан табыс көріп жатқан жоқ. Оның бастапқы мақсаты - шалғай жатқан ауылдағы әрбір қазақ баласына әлемнің үздік туындыларын туған тілінде жеткізу. Осы уақытқа дейін 23 фильм қазақ тіліне аударылды. «Қазір өз еліміздегі қазақтар ғана емес, шетелдегі миллиондаған қандастарымыз ол туындыларды көріп келеді. Ал қазақтың жүздеген актерінің дауысы Disney-дің базасына енді. Гүлнәз Әуезбай, Азамат Қанапия, Берік Айтжан сынды әртістеріміз Джонни Депп, Анджелина Джоли пен Уилл Смиттерді қазақ тілінде сөйлете білді. Олар әлемге танымал Голливуд актерлерін жеті жыл бойы дубляждауға мүмкіндік алды», - деп атап көрсетті қор басшысы. Айта кеткен жөн, ағымдағы жылда «Болашақ» корпоративті қорының бастамасымен бес туынды қазақ тіліне аударылды. «23 қараша «Коконың құпиясы» деген тағы бір мультфильм шығады. Ондағы аударма ғана емес, сценарийдің табиғаты да қазаққа жақын. Мультфильмде қазақ xалқының құндылықтарын, тәңіршілдікті де анық байқауға болады», - дейді Динара Шәйжүнісова.
«Astana Media Week» апталығы аясында жарияланған жағымды жаңалықтардың бірі - Қазақстанда тағы екі радиоарнаның эфирге шығатыны . «Тамаша FM» республика аумағында тараса, «Бизнес-FM» Астана мен Алматы қалаларында xабар тарататын болады. «Бизнес FM»-ның аты айтып тұрғандай, барлық жаңалықтар бизнесмендерге арналады. Ал «бизнес» дегеніміз не? Спорт, кино, теледидар, ауыл шаруашылығы - бұның бәрі бизнес. Былайша айтқанда, айналадағы өмірдің өзі - бизнес. Сондықтан біз осы өмірде ақшаны қалай тауып жатырмыз және оны қалай жұмсаймыз, осы орайда әңгіме қозғайтын боламыз. Музыка да болады. Тілдің 50/50 қағидаты да сақталады. Біздіңше, қазақ тілінің үлесі 60 пайызға жетуі әбден мүмкін. Бағдарламаларға беделді сарапшылар ғана емес, мемлекеттік органдардың қызметкерлері де қатысады», - деді «Бизнес FM» ЖШС директоры Олег Абдулкабиров ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында. Оның айтуынша, компанияның құрамына «Тамаша FM» радиосы да кіреді. Ол таза мемлекеттік тілде барлық республикаға таралатын болады. Негізгі мақсаты - көңіл-күйді көтеру. Жанры - әзіл-сықақ. «Ресейде «Юмор FM» деген радиоарна бар. «Тамаша FM» да сондай болады. Эфирде әзіл-оспақтардан бөлек музыка да беріледі. Радиоқұрылғылар уақытында жеткізілсе, келесі айдың аяқ жағына қарай радиоарналар эфирге шығатын болады», - деп атап көрсетті О.Абулкабиров.
Бұдан бөлек, бүгін «Media Talks» атты ашық алаңда елге танымал кәсіпкерлер, журналистер мен дипломаттар өздерінің табысқа жету құпияларын ашты. Олардың ішінде Ернұр Рысмағамбетов, Ләйлә Сұлтанқызы, Миxаил Дорофеев, Серік Ақышев және тағы басқа медиа тұлғалар бар. Мәселен, «Астана» ХҚО бюро басшысы Ернар Рысмағамбетов табысқа жету жолында қобалжуға жол жоқ деп санайды. «Меніңше, адам қандай да бір шешім қабылдағанда қобалжиды. Ал ол шешімді қабылдап, ойлаған істі бастап кеткеннен кейін қобалжуға болмайды. Оған уақыт та болмауы тиіс. Сонда бар күш-жігеріңді идеяға салып, табысқа жетуге болады. Мен өзім 5-10 жылдан кейін не болатынын білмеймін. Сондықтан бастаған істі ертеңге қалдырмай, аяғына дейін жеткізуге тырысамын. Өйткені ертең көп нәрсе өзгеруі мүмкін», - дейді Рысмағамбетов. Ал танымал журналист Миxаил Дорофеев әлеуметтік желілердің күшейіп келе жатқанын мойындайды. Алайда ол желілер электронды ақпарат құралдарын алмастырады деген пікірмен келіспейді. Себебі кез келген ақпараттың шын-өтірігін тек журналистер ғана анықтай алады.
Astana Media Week аясындағы ертеңгі жоспар да қызықты оқиғаларға толы болмақ. «Astana Digital Forum» форумында цифрлық маркетинг, коммуникациялар саласындағы тың жобалар, мессенджерлер мен чат-боттар, Telegram арқылы табыс табу көздері, Қазақстандағы криптовалюталар нарығының дамуы, электронды БАҚ, әлеуметтік желілер мен блогерлер, интернетте бизнес ашу жолдары және тағы басқа өзекті мәселелер талқыға салынады. Ал 6 қазанда Аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының форумы ұйымдастырылады. Онда қазіргі баспасөздің жай-күйі, өзекті мәселелері, оларды сақтап қалу, аймақтық деңгейдегі мәселелерді көтеру, БАҚ саласындағы заңнамалар, өзгерістер, журналистика әдебі проблемалары қозғалады.