Астана медицина университетінің қызметкерлері Денсаулық сақтау министрінің қолынан пәтер кілттерін алды

АНА. Қазанның 16-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астана  медицина университетінің 45 жылдық мерейтойына орай бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев университеттің 15 қызметкеріне үш бөлмелі пәтер кілттерін табыс етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қызметтік пәтерлердің кілттерін тапсыру салтанаты, Астана   медицина университетінің қабырғасында оқу орнының 45 жылдығына орай өтіп жатқан «Медицинаның білім берудегі, ғылым мен тәжірибедегі проблемалары» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында өтті.

Жиын барысында үстіміздегі жылдың соңына дейін тағы 15 қызметкер осындай баспаналарға ие болатыны айтылды.

Денсаулық сақтау министрі сондай-ақ университеттің бір топ қызметкерін «ҚР денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» және «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгілерімен және құрмет грамоталарымен марапаттады.

«Бүгін еліміздің іргелі университеттерінің біріне 45 жыл толып отыр. Бұл көп те, аз да уақыт емес. Бірақ оның алғашқы түлектері бүгінде 70-тің белесіне шығып отыр және олар өз еңбектерімен отандық медицинаның дамуына ұшан-теңіз үлес қосты. Университет Ұлттық медициналық холдингінің құрамдас бөлігі және ол Елбасының жобаларын жүзеге асырушы мекеме»,  деді ол.

Мерекелік іс-шарадан ҚР Білім және ғылым министрлігі шет қалмай, аталмыш жоғары оқу орнының қызметкерлеріне «ҚР білімін дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төс белгілерін, құрмет грамоталары мен алғыс хаттарды табыс етті. Алғыс хаттар Астана қаласы әкімінің атынан да жолданды.