Астана медициналық туризмді дамытады

АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат - Ұлттық медициналық холдинг Қазақстандағы медициналық туризмді дамытуды көздейді.

Осыған орай бүгін холдинг ғимаратында еліміздегі туристік компаниялардың қатысуымен жиын өтті.

Аталған мекеменің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, соңғы жылдары холдингке қарасты клиникаларда емделген шетел азаматтарының саны артып келеді. Мәселен, 2011 жылы 300-ге жуық шетелдік Қазақстанның медицинасына сенім білдіріп, өз денсаулықтарын жақсартып шықты. Олар көбінесе Орталық Азия және Ресейдің батыс жағынан келген азаматтар. Осы бастаманы ары қарай жалғастыру мақсатында Астанадағы Ұлттық медициналық холдинг туристік компаниялардың басын қосып, өзіне қарасты клиникаларды көрсетіп шықпақ. Негізгі мақсат - медициналық туризмді дамыту.

Айта кетейік, Астананы дамыту мәселелерін арналған кеңесте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев медициналық туризм мәселесін ерекше атап өткен болатын. Осыған орай, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және Астана қаласының әкімдігіне тиісті жоспарды әзірлеу міндеті жүктелді.