Астана медицина университетіне Төрегелді Шармановтың есімі беріледі

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкері күніне арналған салтанатты іс-шарада салалық жоғары оқу орындарына көрнекті медицина қайраткерлерінің есімін беру бастамасын құптады.

Фото: Kazinform

Ең алдымен, Астана медицина университетіне «ұлттық университет» мәртебесін беру бастамасы сөз болды.

– Маңдайалды отандық жоғары мектептердің бірі ретінде танылған «Астана медицина университеті» цифрлық денсаулық сақтау мен биомедицинаны табысты дамытып келеді. Үкімет аталған оқу орнының айқын жетістіктерін ескеріп, ол ең жоғары – Ұлттық университет мәртебесін алуға әбден лайық деп санайды. Бұл ұсынысты қолдаймын, – деді Президент медицина қызметкері күніне арналған салтанатты іс-шарада.

Сонымен бірге, Президент астаналық университетке көрнекті ғалым, отандық тағамтану ғылымы мен профилактикалық медицинаның негізін салушы, Қазақстанның Еңбек Ері Төрегелді Шармановтың есімін беру орынды екенін атап өтті.

– Ал Қарағанды медициналық университетіне осы оқу орнының негізін қалаған әрі оны ұзақ жылдар бойы басқарған Петр Моисеевич Поспеловтің атын беру туралы Үкімет пен медициналық қоғамдастықтың бастамасын қолдаймын. Белгілі Қарағанды медицина мектебінің бастауында тұрған әйгілі тұлғаның 125 жылдығы қарсаңында мұндай шешімнің қабылдануы – тарихи әділеттілік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Ақордада Президент медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Елімізде маусымның əр үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні. Бұл күнді атап өту ҚР Президентінің 1998 жылғы Жарлығымен белгіленген.

Жаңа Конституцияда «ұлт саулығы» ұғымына алғаш рет назар аударылды.

Президент медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы да пікір білдірді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы қоғамдық орындарда әдеп сақтау мәселесін көтерді.

Биылдың өзінде медицина мамандарының жалақысын өсіруге 33 миллиард теңге бөлінген.