Кездесу ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің «Астана - адалдық алаңы» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Шара алдында аталмыш жоба жетекшісі, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агентігінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Жазира Жылқышиева тілшілердің сұрағына жауап берді. Оның айтуынша, жоғары білім жүйесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға ықпал ететін - алдын алу шараларын жүргізу қажет.
«Біздің мақсатымыз - сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Келесіде осындай жағдайды болдырмас үшін (IELTS сертификатына қатысты дау-дамай - авт.) бәрінің алдын алуымыз қажет. Бүгін Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да және тағы бір-екі ЖОО-да болып қайттық. Бұл жерде өздеріңіз білетіндей, БАҚ-та біраз келеңсіз жағдайлар жөнінде айтылып кетті. Сондықтан, осы университетте бірінші өткізуді жөн көрдік. Университет басшылығы жағдай жасап, 370-ке жуық студентпен және оқытушылармен кездестіріп отыр. Нәтиже болады. Өйткені, егер студенттер бұған дейін қандай органдар барын білгенде, мүмкін хабарлар ма еді?... Бұлар білмегендіктен кейін осыған барып отырған секілді. Сондықтан, қазір студенттерге барлық байланыс нөмірлерімізді қалдырып, алдағы уақытта қайда хабарласуға болатынын түсіндіреміз», - деді Жазира Жылқышиева.
«Әрбір құқыққорғау органының уәкілеттілігі мен міндеті бар. Менің айтарым - соттың шешімі шығып, ол күшіне енбейінше, біз қандай да бір пікір білдіре алмаймыз. Тіпті, осы істі тергеп жатқан органдар да пікір білдірмейді», - деді Жазира Жылқышиева.