Атап айтқанда, адамдар арасындағы өзара қарым-қатынастар туралы түсініктерін дамыту мақсатында 13-14 жастағы жасөспірімдер арасында құндылықтық бағдарларды және соған сәйкес мінез-құлық формаларын қалыптастыруға бағытталған психологиялық сабақтар; балалардың психологиялық жайлылығын қамтамасыз ету, қорқыныш, сенімсіздік тәрізді психикалық тосқауылдарды жоюға ықпал ету мақсатында 9-11 сыныптарда түрлі кикілжіңді жағдайларға қатысты рөлдік ойындар; ұжымда тұлғааралық қарым-қатынастарды, ресми және бейресми құрылымдарды, топтарды, тұлғааралық қарым-қатынастардың өзгеру сипатын анықтау мақсатында әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп, оқушылардың психологиялық салауаттылығын анықтау үшін тестілеу өткізіледі. Бұл балаларға толық диагностика жүргізуге және кәмелетке толмағандардың мінез-құлықтарындағы қалыптыдан ауытқушылықтарды алдын-ала анықтауға мүмкіндік береді. Адамгершілік тәрбие беру сабақтары аясында мектеп директорларына, олардың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына, сынып жетекшілеріне арналған «Қазіргі заманда рухани-адамгершіліктік тәрбие берудің басымдықтары», «Оқушыларды рухани-адамгершілікке тәрбиелеудегі ұстаздың рөлі» тақырыптарында оқыту семинарлары ұйымдастырылады. Құқықтық сауаттылықты арттыру және құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Құқықтық оқытуды» өткізудің ведомствоаралық кестесі әзірленді. Шара аясында дәрістер оқу, спорттық-мәдени шаралар, тренингтер мен семинарлар өткізу жоспарланған. Сонымен қатар оқушылармен көшпелі практикалық семинарлар, экскурсиялар өткізіледі. Сонымен қатар ата-аналарға арналған «Балаларды лайықты деңгейде тәрбиелемегені үшін әкімшілік жазаға тарту» және «Отбасында толеранттылыққа тәрбиелеу» тақырыптарындағы тренингтер өткізіледі, деп хабарланған елорда әкімдігінің ресми сайтында.
02:21, 20 Қыркүйек 2014
Астана мектептерінде оқушылардың психологиялық күйін анықтау сабақтары мен тестілеу өткізіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының Білім басқармасы қыркүйек-қазан айларында барлық мектептердің жоғары сыныптарында түрлі сабақтар, зерттеулер, тестілеу мен ойындар өткізуді жоспарлап отыр.