Астана мектептеріндегі бейнекамералар Жедел басқару орталығына қосылған - полиция

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордадағы барлық мектептердің бейнебақылау камералары Жедел басқару орталығына қосылған. Бұл туралы Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Данияр Шымырқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полиция департаментінде өткен брифингте Д. Шымырқұлов Петропавл мектебінде балтамен шабуыл жасаған соң, елордалық мектептердің қауіпсіздік деңгейі туралы тілші сұрағына жауап берді.

«Бізде тұрақты негізде семинарлар өткізіледі. Қолдан жасалған құрылғыны анықтау бойынша сабақтар өткіземіз. Қазіргі уақытта елордалық мектептердегі барлық камералар Жедел басқару орталығына қосылған. Біз бәрін онлайн режимде көреміз, бақылаймыз. Барлық мектептер турникеттермен, күзетпен қамтылған, мектептерді үнемі тексеріп отырамыз», - деді Данияр Шымырқұлов.

Оның айтуынша, елордада 93 мектеп бар. Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері әр мектепте семинарлар өткізеді, бейнероликтер көрсетеді. Барлық 93 мектепте түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Соңғы деректер бойынша, Астанада терроризм актісі туралы жалған хабарламалар жиілеп кеткен. Биыл 102 арнасына 7 қоңырау келіп түсті, қылмыстық істер тіркелмеген.