Астана мектептерінің асханаларына тамақ ішкені үшін ақы төлейтін терминалдар орнатылды

АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат - «Болашақ мектебі - бүгіннен» жобасы аясында елорданың орта білім беретін кейбір мектептерінде тамақ ішкені үшін ақы төлейтін термиалдар қойылған.

Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық Білім басқармасынан мәлім етті.

Олар тапсырыс қабылдауды автоматты үдеріс арқылы жеделдетіп, мектептің асханалары мен буфеттерінде кезекте тұруды қысқартуға көмектеседі.

«Болашақ мектебі - бүгіннен» жобасы бойынша оқушылардың тамағына ақы төлеу үшін қосымша карта ашылуы қажет. Қазіргі қолда бар «мектеп оқушыларының куәлігі» тамақ аларда төлем картасы ретінде есептеледі. Белгілі бір уақытқа қолма-қол ақшамен есеп айырысу да, қолма-қол ақшасыз есеп айырысу да қатар жүреді», - деп түсіндірді ведомстводан.

Басқарманың мәліметі бойынша, терминалдар арқылы балалар ас мәзірін таңдау, ас мәзіріне өзгерістер енгізу, саны, бағасы, жалпы бағасы, тапсырыс уақыты, карта нөмірі көрсетілген чек, терминал төлемдері арқылы «мектеп оқушысы куәлігінің» балансын толтыру, жеке кабинет арқылы рационды қарау, асханада тағам түрлерін таңдау, жеке кабинет арқылы дара статистика жүргізу, қаржылық транзакцияны іске асыру сынды негізгі қызметтерді атқара алмақ.

Еске салайық, «Болашақ мектебі - бүгіннен» жобасы елордада 2011 жылдың қазанында басталды. Бүгінгі күні жоба қала мектептерінің 9-ында жүзеге асырылуда. Олар: Ғафу Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназия, Төлеген Айбергенов атындағы №16 орта мектеп, Сырбай Мәуленов атындағы орта мектеп, Әлкей Марғұлан атындағы №40 орта мектеп, № 48 мектеп-лицей, № 53 мектеп-лицей, № 60 мектеп-лицей, № 61 орта мектеп, № 62 мектеп-лицей, №54 және 64 мектептерде толық жүзеге асырылған.