Астана мектептерінде 28 мың орын жетіспейді

Фото: Фото: ҚазАқпарат

Биыл Астанада 16 мың оқушы сыятын 11 мектеп салынады. Бұл туралы елорданың білім беру ұйымдарында оқу процесін ұйымдастыру мәселелері бойынша әкімнің орынбасары Есет Байкен айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астананың еліміздің бас қаласы және ірі мегаполисі ретінде тартымдылығы арта береді, осыған байланысты елорда халқының саны, мектеп жасындағы балалар саны да өсуде. Статистикалық мәліметке сәйкес, қазір Астанада 460 мыңнан астам бала бар. Оның ішінде балабақшаларда – 66 мыңнан астам бала, мектептерде – 260 мыңға жуық бала, колледждерде – 34 мыңнан астам бала оқиды», - деді Есет Байкен Астана коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Елорданың білім беру жүйесінде 734 ұйым жұмыс істейді, олар 337 мың баланы қамтып отыр. Оның 236-сы мемлекеттік, 488-і жеке меншікте, 171 мектеп, 525 балабақша, 11 қосымша білім беру ұйымы бар.

Соңғы 4 жылда елордада 82 мың орындық 39 мектеп салынғанымен мектептердегі орын тапшылығы әлі де 28 мыңнан асады.

«Елорда мектептеріндегі орын тапшылығын шешу үшін шаралар қабылдануда. Биылғы оқу жылында 16 мың орындық 2 ауысымдағы 11 мектеп салынады, оның төртеуі өз жұмысын бастады. Тағы 7 мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. 2024-2025 жылдары 69 мың орындық 30 мектеп салу жоспарланған. Қосымша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 90 мың оқушыға арналған 24 мектеп, оның ішінде Нұра және Есіл аудандарында 15 мектеп салынады. Әкімдік мектеп құрылысы үшін 20 қосымша жер учаскесін бекітті», - дейді Есет Байкен.

Спикердің айтуынша, алдағы 4 жылда 177 мың оқушы сыятын 65 мектеп салу және пайдалануға беру жоспарлануда. Қабылданған шаралар мектептердің шамадан тыс жүктемесін шешіп қана қоймай, 2035 жылға дейін орын тапшылығы мәселелерін толығымен жояды деп күтілуде.