Елорда мектептеріндегі жұмыстардың барысын қалалық Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Берік Ахметов тексерді.
Жобаның бірінші кезеңі аясында 2025 жылы Астанадағы 100 мемлекеттік мектепке 1 940 жаңа бейнебақылау камерасы мен 100 дабыл беретін SOS батырмасы орнатылды.
Сонымен қатар 122 мектепте бұрыннан орнатылған 6 900-ден астам камера бірыңғай қауіпсіздік жүйесіне біріктірілді.
Бұл ретте техникалық инфрақұрылымды кеңейтуге ғана емес, жабдықтарды бірыңғай цифрлық ортаға біріктіруге де ерекше мән беріліп отыр. Бүгінде мектептердегі 10 мыңнан астам камера қаланың Ахуалдық орталығы мен Астана қаласы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған. Бұл жағдайды орталықтандырылған түрде бақылауға және оқыс оқиғаларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар интеллектуалды бейнесараптама мүмкіндіктері де кеңейтіліп жатыр. Жасанды интеллект технологиясына негізделген жүйе төбелес, буллинг, күдікті адамдар және басқа да штаттан тыс жағдайларды автоматты түрде анықтап, тиісті қызметтерге сигнал жібереді.
— Балалардың қауіпсіздігі — қала үшін сөзсіз басымдық. Біз камералар, дабыл түймелері және AI-бейнеаналитика өзара байланыста жұмыс істейтін жүйе қалыптастырып жатырмыз. Біздің міндетіміз — оқиғаларды жай ғана тіркеу емес, ықтимал қауіптерді дер кезінде анықтап, әрекет ету уақытын барынша жылдамдату. Оқу жылы басталар алдында барлық инфрақұрылымның тұрақты жұмыс істейтініне және мектептердің қажетті қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз етуге дайын екеніне көз жеткізу аса маңызды, — деді басқарма басшысы Берік Ахметов.
Тексеру барысында монтаж жұмысының қарқыны мен сапасы, камералардың қамту аймақтары, дабыл түймелерінің жұмыс істеуі, бейнежазбалардың тұрақты берілуі және бейнеаналитика құралдарының жұмысы тексерілді.
Жобаның қорытынды кезеңі 2027 жылға жоспарланған. Ол мектептердегі қауіпсіздік инфрақұрылымын одан әрі кеңейтуді көздейді. Үш кезеңнің қорытындысы бойынша Астананың мемлекеттік мектептерінде 5 800-ден астам жаңа бейнебақылау камерасы және 300 дабыл беретін SOS түймесі орнатылады.
Жобаны іске асыру елорда мектептерінде бейнебақылау, дабыл түймелері және орталықтандырылған мониторингті біріктіретін бірыңғай цифрлық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтап, оларға жедел әрекет етуге жағдай жасайды.
Айта кетейік, жоба Астана қаласы әкімдігінің Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасы мен «Astana Innovations» АҚ бірлесіп жүзеге асырып жатыр.
Осыған дейін биыл ең көп мектеп пайдалануға берген өңірлер белгілі болды.