Астана мен Алматы әуежайы Орталық Азия мен ТМД бойынша үздік атанды

Фото: Фото: Азаматтық авиация комитеті

АСТАНА. KAZINFORM – Астана мен Алматы әуежайлары Skytrax World Airport Awards 2025 нұсқасы бойынша Орталық Азия мен ТМД-дағы үздік деп танылды. Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті хабарлады.

- Қазақстанның халықаралық аренадағы көшбасшы әуежайлары – Астана мен Алматы тағы да беделді марапат алды. Алматы халықаралық әуежайы Орталық Азия мен ТМД бойынша ең үздік өңірлік әуежай деп танылды, ал 2-терминал әлемдегі ең үздік жаңа терминал атағына ие болды, - делінген хабарламада.

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы Skytrax World Airport Awards 2025 сыйлығының «Орталық Азия мен ТМД елдері әуежайлары арасындағы ең үздік персонал» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. 

Фото: Азаматтық авиация комитеті

Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы бірнеше рет аймақтық рейтингтерде көш бастаған және Орталық Азиядағы жетекші әуе хабы ретінде танылған.

Skytrax World Airport Awards сыйлығы – авиация саласындағы халықаралық сапа эталоны. Ол әлемнің түкпір-түкпірінен жолаушылар арасында жүргізілетін тәуелсіз сауалнамаларға негізделген.

Жеңімпаздар келесі негізгі көрсеткіштер бойынша таңдалады:

– жолаушыларға ыңғайлылық;

– қызмет көрсету сапасы;

– инфрақұрылым деңгейі;

– инновацияны енгізу.

Наурызда хабарлағанымыздай, еліміздегі әуежайлар мен вокзалдарда қауіпсіздік жағдайы тексеріліп жатыр. 

Еске салайық, биыл халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) Қазақстанның әуе қауіпсіздігіне аудит жүргізеді.