Астана мен Алматы декларацияларының айырмашылығы неде - Елжан Біртанов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осыдан 40 жыл бұрын қабылданған Алматы декларациясы мен бүгін елордада қабылданған Астана декларациясының айырмашылығы неде? Медициналық-санитарлық алғашқы көмек бойынша жаңа декларация қандай өзгерістерді ескеріп отыр? Бұл сұраққа Елордада өтіп жатқан медициналық-санитарлық алғашқы көмек жөніндегі жаһандық конференция барысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қысқаша айтқанда, Астана декларациясы уақыттың талабы мен Алматы декларациясынан бері қабылданған саяси құжаттарды есепке алады. Ең алдымен, Астана декларациясы - БҰҰ-ның тұрақты дамуының мақсаты. Екіншіден, жаңа декларация адами капиталды дамытуда, цифрлы технологияларды қолдануда Үкіметтерден қосымша күш-жігер жұмсауды сұрайды. Демек, Астана декларациясы 40 жылдан бергі ғылыми-техникалық прогресті есепке алып отыр. Үшіншіден, бұл құжат өзінің жүзеге асырылуы жолында қол қойған мемлекеттерге талапты күшейтуді ұсынады. Себебі, бүгін айтылып жатқандай кейбір елдер осыдан 40 жыл бұрын қабылданған Алматы декларациясының қағидаттарын іске асырып үлгермеген. Осыған байланысты, декларацияны қолдаған мүше-мемлекеттер, ДДСҰ, ЮНИСЕФ осы декларацияның қағидаттарының орындалуына үн қосады», - дейді Елжан Біртанов.

Еске сала кетсек, Елжан Біртанов дәл осы конференцияда Астана декларациясының қалай қабылданғанын айтып берген еді.

Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше барлық 197 мемлекет медициналық-санитарлық алғашқы көмек бойынша Астана декларациясын бірауыздан қабылдағанын хабарлаған болатынбыз.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев медициналық-санитарлық алғашқы көмек бойынша жаңа Астана декларациясын қабылдау - бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау саласы үшін маңызды кезең болатынын атап өткен болатын.