Еуропа бойынша халықаралық конгрестер мен конференциялар қауымдастығының (ICCA) өңірлік менеджері Эфи Кудели және IMEX Frankfurt халықаралық көрмесінің өкілі Лиз Бранд бастаған халықаралық іс-шараларды ұйымдастырушылар мен БАҚ өкілдері Астана және Алматы қалаларына сапармен келді.
Делегация қазақстандық серіктестермен және туристік бизнес өкілдерімен ынтымақтастық және халықаралық іс-шараларды өткізу бойынша кездесу өткізді. Кездесуге қонақ үй өкілдері, іс-шаралар өткізетін алаңдарды басқарушы компаниялардың басшылары мен туроператорлар қатысты.
ICCA талаптарына сәйкес, рейтингіге ену үшін жылына кем дегенде 3 халықаралық деңгейдегі өткізу керек. Сонымен қатар, ұйымдастырылған іс-шараларға жоқ дегенде 50 халықаралық делегация қатысуы міндетті.
Аталған қауымдастықтың статистикасына сәйкес, 2013-2022 жылдар аралығында Қазақстанда тамыз-қазан айы аралығында 50-ден 500-ге дейін делегацияның қатысуымен іс-шара өтті.
«Еуропа бойынша өңірлік менеджер ретінде, бұл – менің алғашқы сапарым. Сапар барысында туристік қоғамдастық өкілдерімен танысып, Орталық Азияда халықаралық іс-шараларды өткізуде көшбасшы қалалардың бірі саналатын Астана мен Алматының іскерлік туристік инфрақұрылымымен танысқаныма қуаныштымын», - дейді Еуропа бойынша халықаралық конгрестер мен конференциялар қауымдастығының (ICCA) өңірлік менеджері Эфи Кудели.
ICCA-ның өткен жылғы елдер мен қалалар рейтингісінде Қазақстан Грузия мен Әзірбайжаннан кейін үшінші орында орналасқан. Ал, өткізілген халықаралық іс-шаралар саны бойынша өңірдің бес елі арасында үшінші орында тұр (Алматы – үшінші қала, Астана – бесінші).
2019 жылы MICE индустриясы елімізге 1 трлн АҚШ доллар инвестиция әкелді, 10 млн жұмыс орнын құрып, 1,5 млрд-қа жуық турист жинады. Бұл іскерлік туризм әдеттегі жеке туризмге қарағанда 3 есе көп пайда әкелетінін көрсетеді. MICE қолдау бағдарламасын тұрақты қаржыландыру жағдайында Қазақстанның өңірде іскерлік туризмді ілгерілетуде көшбасшы болуға барлық мүмкіндігі бар.
Айта кетейік, MICE индустриясы – әртүрлі корпоративтік және іскерлік іс-шараларды ұйымдастырумен және өткізумен байланысты іскерлік туризм индустриясының саласы.
ICCA (International Congress and Convention Association) – халықаралық конгресстер мен конференциялар қауымдастығы, бұл – халықаралық қауымдастықтардың кездесу индустриясы үшін жаһандық қауымдастық және білім орталығы.