Астана мен Алматы қалаларында уақытша тіркеу тәртібі енгізілуі мүмкін - Үкімет отырысы
13:49, 27 Қаңтар 2009
АСТАНА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Үкімет отырысында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Қырғызстан азаматтарының Қазақстан аумағында тіркеусіз жүру мерзімін қысқартуды ұсынды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановтың айтуынша, Тәжікстан мен Қырғызстан азаматтары Қазақстанда тіркеусіз 90 күн жүре алады. Осыған байланысты ведомство басшысы мигранттардың еліміз аумағында болу тәртібін күшейтуге байланысты Ішкі істер министрлігі мен әкімдік бірлесе Үкіметке нақты ұсыныстар жасайтынын атап өтті.
Ең алдымен, елміздің азаматтарын жұмыспен қамту керектігін жеткізген А. Есімов, «көктемге қарай құрылыс және ауыл шаруашылығы жұмыстары басталатын болады. Құрылыс қарқыны бұрынғындай емес. Сондықтан жұмыспен, ең алдымен Алматының азаматтарын қамтуымыз қажет. Атап айтқанда, қазіргі кезде бұндай шаралар бүкіл дүниежүзінде қабылданып жатыр», - деді Үкімет отырысынан кейін.
Әкімнің айтуынша, бүгінде Алматыда 40 мың шетел азаматтары бар. Оның 13 мыңы ? алыс шетелден, ал 27 мыңы ТМД мемлекеттерінің азаматтары.
Осыған байланысты Премьер-Министр Кәрім Мәсімов егер жағдай күрделене түссе, онда Астана мен Алматы қалалары бойынша уақытша тіркеу шараларына оралу мүмкін болмақ. «Әзірге бұндай қатаң шараларды қабылдаудың реті жоқ, бірақ Ішкі істер министрлігі бұл мәселіне қарастырып шығуы тиіс», - деді Үкімет басшысы.