Астана мен Алматыда 10 мың және 20 мың орындық студенттік қалашықтар салынатын болды

АСТАНА. 3 қазан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астана мен Алматы қалаларында 10 мың және 20 мың орындық студенттік қалашықтар салынатын болды.

Бұл туралы бүгін селекторлық режимде өткен Үкімет отырысынан соң журналистерге сұхбат берген Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.

«Біз бүгін Мемлекет басшысы алдыға қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін болашақта елордада 10 мың орындық, ал Алматыда 20 мың орындық студенттік қалашық салу жөніндегі жобаны дайындаудамыз. Жалпы еліміздің аймақтарында 14-16 мың жатақхана бой көтеретін болады. Студенттердің баспаналарына барлығы 34 миллиард теңге қажет. Сонымен қатар министрлік жөндеу мен қайта жаңартуға жататын жатақханалардың тізімін жасауда. Бұған қоса жеке жоғары оқу орындарының басшыларына студенттерді баспанамен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берілді»,-деді министр.

Оның айтуынша, студенттерді алдағы 5 жылдың ішінде 100 пайыз баспанамен қамтамасыз ету мүмкін емес. «Егер біз баспана мәселесін 75-80 пайызға шешетін болсақ, әлемдік деңгейде алғанда да бұл жақсы көрсеткіш болады. Ал әзірге еліміздің студенттері 30-35 пайызға ғана баспанамен қамтамасыз етіліп отыр»,-деді Б.Жұмағұлов.