«Биометриялық деректер базасы арқылы мемлекеттік қызметтерді ұсыну тетігі Халыққа қызмет көрсету орталықтарында және электронды үкімет порталында ұсынылады. Онда мемлекеттік қызметті алушының бет-әлпеті мен саусақ таңбалары қолданылады және жеке құжаттар мен электронды цифрлық қолтаңба көрсетуді қажет етпейді», - «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының төрағасы Абылайхан Оспанов әлеуметтік желіде.
Биометриялық параметрлер ақпараттық жүйелердегі пайдаланушыларды сәйкестендіру үшін пайдаланылады. Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бірлесіп, Астана мен Алматы қалаларында мемлекеттік қызмет алудың биометриялық механизмін пилоттық режімде енгізеді.
«Пайдаланушылардың биометрикалық деректер базасында тіркелуі ерікті негізде жүргізіледі. Пайдаланушы рұқсат берген соң ғана өзі туралы деректерді мемлекеттік қызмет алуда қолдана алады», - деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, биометриялық сәйкестендіруді енгізу қазақстандықтарға мемлекеттік қызметті оңай алуға, басқа адамдардың құжаттарымен сәйкестендіру қаупін жоюға мүмкіндік береді.
«Қазіргі уақытта Қазақстанның қаржылық секторы өз қызметінде биометриялық сәйкестендіруді табысты пайдалануда. Мәселен, кейбір мобильді банктік қосымшаларда жеке кабинетке саусақ ізі арқылы кіруге болады. Болашақта бүкіл қаржы секторы үшін бірыңғай база жасауды жоспарлап отырмыз», - дейді А. Оспанов.