Бұл туралы бүгін журналистермен болған апталық брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның мәліметтерінше, тәртіп сақшылары ұйымдасқан қылмыстық топтың 1 жетекшісі мен 1 мүшесін ұстаған. «Оңтүстік өңірлік ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы алматылық әріптестерімен бірлесе отырып, қаңтар айында Алматы қаласының тұрғынына қарақшылық шабуыл жасап, одан 93 мың АҚШ долларын иемденіп кеткен 25 жасар облыс тұрғынын ұстады. Ал Қызылорда облысында ұзақ уақыт марихуана өсірумен заңсыз айналысып келген 5 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. Олардан 80 килә шикі және 12 килә кептірілген қарасора және оларды өсіруге қажетті ауыл шаруашылығы құралдары мен 2 джип автокөліктері тәркіленді», деді департамент бастығы.
Оның айтуынша, қылмыстық топ өкілдері жасырын түрде және заңнан тыс ойынхана ұйымдастыруларын да қояр емес. Тәртіп сақшылары Астана мен Алматы қалаларынан осындай 2 казиноның жұмысын әшкерелеген. Олардан 30-дан астам ойын автоматы мен рулеткалар, 250 мың теңге мен 40-қа жуық ұялы телефондар және операторлардың кәртішкелерін тапқан. «Қазіргі таңда аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғау мәселесі қолға алынуда», деді Қ.Жұманов.