Астана мен Бішкекте Канье Уэст концерті өтуі мүмкін бе

АЛМАТЫ. KAZINFORM – 14 тамызда өтетін Канье Уэст концертіне байланысты Алматыда баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды.

Фото: instagram.com/ye/

First Media Group компаниясының атқарушы директоры Альфия Нұрғұмарова әлемдік жұлдыздың концерті неліктен Астанада өтпейтінін түсіндірді. Оның айтуынша, басты себептердің бірі — елордалық алаңның техникалық ерекшелігінде.

Фото: Еламан Турысбеков / Kazinform

— Астанадағы стадионда жеңіл атлетикалық жолақ жоқ: көрермен орындары бірден алаңның жиегінен басталады. Сол себепті шоу жасауға арналған барлық қажетті құрал-жабдықты орнату және шоуды осындай форматта өткізу мүмкін емес, — деп түсіндірді ол.

Бішкектегі концерт расталған жоқ

Алматыда концерт болатыны хабарланған соң, қырғызстандық БАҚ-та Канье Уэстің жаңа «Бішкек аренада» концерті өтуі мүмкін деген ақпарат тарады. Альфия Нұрғұмарова бұл жағдайға түсініктеме беріп, Бішкекте Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өткеннен кейін расымен де ауқымды концерт ұйымдастыру мүмкіндігі қарастырылғанын атап өтті. Бұл ретте Қырғызстан өкілдері әртісті таңдау бойынша әлі түпкілікті шешім қабылдамаған және қазақстандық мамандардан кеңес сұрап хабарласқан.

Сондай-ақ америкалық әртістің менеджерінен Бішкекте өнер көрсету мүмкіндігі сұралған. Дегенмен, қырғыз тарапы ұсынған күндер әншінің репертуарымен сәйкес келмеген.

— Олардан сауалдардың шынымен түскенін білеміз. Бірақ концертті расталды деу — жай ғана хайп. Мүмкін, осылайша жаңа стадионға назар аудартқысы келген болар, — деп атап өтті First Media Group атқарушы директоры.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Канье Алматыдағы концертінен кейін Индонезияда өнер көрсетеді. Бішкек әртістің ресми гастрольдік кестесінде көрсетілмеген.

Еске салайық, бұған дейін 14 тамыз күні Канье Уэст Алматының Орталық стадионында концерт беретіні белгілі болды.

Канье Уэст концертіне байланысты «Қайраттың» еурокубоктағы келесі ойыны Түркістанға ауысты.