Астана мен Будапешт арасында тікелей әуе рейсі қайта жандануы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Мажарстанның жоғары оқу орындарымен ықпалдастықты одан ары дамытуға дайын. Бұл туралы Ақордада елімізге ресми сапармен келген Мажарстан Президенті Тамаш Шуйокпен келіссөздерден кейінгі БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
- Биыл Будапешттен Шымкентке тікелей әуе қатынасы ашылды. Енді екі ел астаналары арасындағы әуе қатынасын қайта орнату мүмкіндігін қарастырамыз деп келістік. Келіссөз аясында жасанды интеллектіні және цифрлық технологияны экономикаға жаппай енгізудің маңыздылығына баса мән бердік. Осыған орай бірлесе жұмыс істеуге дайын екенімізді жеткіздік. Оған қоса, қаржы саласына қатысты тың жобаларды жүзеге асыруға уағдаластық. Жалпы, Қазақстанда жұмыс істеуге ниетті мажар компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға дайын екенімізді жеткіздім. Екі елдің экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы және іскерлік кеңесі осы мәселеге баса мән беруі керек деп санаймын, - деді Мемлекет басшысы.
Президент мәдени-гуманитарлық байланыстар қазақ-мажар қатынасының алтын арқауы саналатындығын баса айтты.
- Осы бағыттағы ынтымақтастықты нығайту айрықша маңызды. Сондықтан мәдениет, білім, ғылым саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аудардық. Қазіргі таңда мажар елінің үздік жоғары оқу орындарында Қазақстанның мыңнан астам студенті білім алып жатыр. Сол үшін Мажарстан Үкіметіне зор алғыс айтамын. Біз осы елдегі жоғары оқу орындарымен ықпалдастықты одан ары дамытуға дайынбыз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев мажарлық әріптесімен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Қазақстанда бірлескен жобаларды іске асыруға ниетті мажарлық кәсіпкерлерге толық қолдау көрсетілетіндігін айтқан болатын.