Астана мен Екібастұзда терезеден құлаған екі бала мерт болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ ТЖ комитеті балалардың қауіпсіздігіне қатысты ескерту жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қайғылы оқиғаларға байланысты мәліметтер көптеп жарияланып жатыр, соған қарамастан, мұндай жағдайлар әлі де орын алуда. Суға түсу маусымы таяуда ғана басталса да, балаларды қараусыз қалдыру оқиғалары жиілеп барады», - деп атап өтілген комитет мәліметінде.

Белгілі болғандай, Шығыс Қазақстан облысында сенбі күні бір бала мен бір жігіт суға кетті.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, суға батып кеткендердің бірі - жеті жасар бала. 2 маусымда Семей қаласының Бобровка кентінде Ертіс өзенінде белгіленбеген жерде шомылған 1998 жылғы жігіт суға кетті. Сол күні Жарма ауданы Қызылағаш ауылының Қарасу өзенінде 2012 жылы дүниеге келген бала арнайы жабдықталмаған жерде суға шомылмақ болғанда батып кеткен.

«Бірінші жағдайда ағысы қатты өзенде шомылудың қауіпті екендігін, суда жүзе алмайтынын ескермеген адам ажал құшса, екінші қайғылы оқиғада баланың өлімі ата-ана бақылауынсыз қалуынан орын алған болуы мүмкін», - делінген хабарламада.

Мұнымен қоса, балалардың терезеден құлауы оқиғасы қайталанып отыр. Оның бірі Астанада, ал екіншісі Екібастұзда орын алды.

2 маусымда Екібастұздағы тұрғын үйде ересектердің қарауынсыз қалған 2016 жылы туған бала төртінші қабаттағы терезеден құлап кетті. Алған жарақатынан бала ауруханада көз жұмды.

Сонымен қатар дәл сол күні сағат 13:50 кезінде Астанадағы Сарыарқа ауданы аумағындағы үйдің алтыншы қабатының терезесінен бала құлады. Бұл жағдайда да 2012 жылғы сәби ауруханада қайтыс болды.

«Терезеден құлау оқиғаларының барлығында да балалар жоғары қарай өздері өрмелеп шығады. Бұл тұрғыда терезеге жақын тұрған жиһаз арқылы көтеріледі», - делінген комитет мәліметінде.

Осы орайда ТЖК өкілдері үйде кішкентай бала болса, терезені ашық күйінде қалдырмау керектігін ескертеді. Сонымен қатар қажетті қорғаныс құралдарынсыз маса (москит) торлары балалар үшін қауіпті болып тұр. Себебі терезеге шыққан кезде бала москит торнына сүйеніп тұрады, соның салдарынан биіктен құлау жағдайы орын алады.

Бұдан бөлек, ведомство мамандары терезе маңына жиһаз қоймау керектігін алға тартуда.

«Терезелерге қауіпсіздік құрылғыларын орнату керек немесе құлыпталатын тұтқаларды қойған жөн. Осы орайда балалар өз күшімен терезені аша алмайды. Дегенмен де, ата-аналар сәбилеріңізді қараусыз қалдырмай, өздеріңізбен бірге алып жүріңіздер», - делінген ТЖ комитетінің хабарламасында.

Фото: ndn.info