Ұлттық тасымалдаушы 13 желтоқсаннан бастап №66/65 «Нұрлы жол – Қызылорда» пойызының құрамын отандық өндірістен шыққан Stadler вагондарымен жаңартады. Пойыз аталған бағытта күнара қатынайды.
Пойыз құрамында жалпы саны 416 жолаушыға арналған 9 вагон болады. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында вагондар климат-бақылау жүйесімен, жеке жарықтандыру шамдарымен, 220 В электр розеткаларымен, бейнебақылау жүйесімен, қол жүгі мен багажды орналастыруға арналған орындармен және буфет аймағымен жабдықталған.
Билеттерді bilet.railways.kz сайты мен теміржол кассаларынан сатып алуға болады.
Еске сала кетейік, Қазақстанның теміржол паркі 162 жаңа жолаушылар вагонымен толықты. Заманауи вагондар Wi-Fi, бейнебақылау, USB-порттар және кондиционермен жабдықталған. Ал кейбірінде мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған арнайы купелер қарастырылған.