Астана мен Көкшетау мектептеріндегі оқушылар кептелісі: Білім басқармалары басшыларына шара қолданылады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Оқу-ағарту министрлігі Астана мен Ақмола облыстық білім басқармалары басшыларына тәртіптік шара қолдау жөнінде ұсыныс енгізеді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: t.me/astanovka98

«Еліміздегі білім беру ұйымдарын жаңа оқу жылына дайындау барысында бірқатар жұмыс атқарылды. Атап айтсақ, биыл 260 мектепте күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған болатын. Бүгінгі күні 200-ге жуық нысанда жұмыстар аяқталып, сабақтар басталып кетті. Осылайша, 150 мың оқушы жөнделген мектеп ғимараттарына кірді. Биылғы оқу жылында барлығы 132 мың орындық 154 мектепті салу жоспарланған. Жаңадан салынған 55 орындық 39 мектеп пайдалануға берілді. Бұл 12 апатты және 29 үш ауысымды мектептің мәселесін шешті. Білім ұйымдарындағы маңызды жұмыстардың бірі – оқу-тәрбие процесін тиімді ұйымдастыру. Бұл - тікелей мектеп басшыларының міндеті. Олардың жұмысын қадағалау әрі сапалы ұйымдастыруын бақылау - білім бөлімдері мен басқармалардың міндеті. Соңғы күндері Астана мен Көкшетау қалаларындағы мектептерде оқушылардың үзіліске шыққанда және сыртқы киімдерін алу кезінде кезек сақталмай, ішкі тәртіпті өрескел бұзу фактілерін көріп отырмыз. Осының салдарынан сабақ процесіне нұқсан келді. Мұндай келеңсіздіктерге қалайша жол берілді?» - деді ол Оқу-ағарту министрлігіндегі кеңесте.

Осыдан кейін Астанадағы №71 мектепте болған жағдайға қатысты қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев баяндама жасады.

«Жалпы қалада 255 мыңнан астам баланы оқытатын 169 мектеп жұмыс істейді. Осы мектептердің ішінде 8 мектеп үш ауысымды режимде, 18 мектеп шамадан тыс режимде жұмыс жасайды. Оқу процесін ұйымдастыру бойынша мектеп басшыларымен тиісті ұйымдастыру іс-шараларын қабылдадық. Аталған №71 мектеп бойынша мектеп әкімшілігімен де, Білім басқармасы тарапынан да тиісті ұйымдастыру іс-шараларын жүргізіп жатырмыз. Атап айтар болсақ, сабақ кестесі қайта қаралды. Мектеп әкімшілігі тарапынан мектептегі әр қабатта кезекшілік ұйымдастырылды. Киім ілетін жерде балалар көп жиналады. Сол киім ілетін жердің жұмысы қайта қаралды. Киім ілетін жер бұрын бір жерде болса, қазір әр қабатта орналастырылды. Мектепке кіретін және шығатын 1 есікке қосымша 3 есік қосылды», - деді Қасымхан Сенғазыев.

Басқарма басшысының атап өтуінше, бүгінде қалада 14 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 11 осы оқу жылында пайдалануға беріледі. Мұнан бөлек жайлы мектеп бағдарламасы аясында 90 мың орындық 24 мектеп салынуда. №71 мектепке тақау 12 орындық 3 мектептің құрылысы жүргізілуде. Бұл мектептер 2024-2025 оқу жылдарында пайдалануға беріледі.

Ал Ақмола облыстық білім басқармасының басшысы Шоқан Оразалин келеңсіз жағдай Көкшетау қаласындағы №1 мектепте болғанын айтады.

«Бұл мектеп қаланың ортасында орналасқаннан кейін бала көп келеді. Бірақ, мектеп әкімшілігінен кеткен қателік бар. Сабақ біткенде бір мезетте бүкіл баланы дәлізге шығарып жіберген», - деді ол.

Қаныбек Жұмашев осындай мәселелерді қатаң бақылауда ұстау жөнінде облыстық білім басқармаларына тамыз айында өткен арнайы жиналыстарда да ескертілгенін айтады.

«Жоғарда аталған фактілер мектеп басшыларының өз міндеттерін атқаруда жауапсыздық танытқанын және білім бөлімдері мен басқармалар тарапынан бақылаудың әлсіздігін көрсетеді. Алдағы уақытта мұндай жағдай ешбір мектепте қайталанбауы тиіс. Сондықтан, Астана қаласы және Ақмола облысы әкімдерінің атына білім басқармалары басшыларына қатысты бақылауды төмендеткені үшін тәртіптік шара қолдану жөнінде Оқу-ағарту министрлігінен ұсыным-хат жолдайтын боламыз», - деді Орта білім беру комитетінің төрағасы.