Астана мен Лондон – сенімді серіктес

Фото: Фото: Ғалымжан Қараманұлы/Kazinform

Тұманды Альбион парламентінде Қазақстан мен Ұлыбританияның екі жақты қарым-қатынасын нығайту мәселелері талқыланып, жыл қорытындысы жария етіледі. Қазақстандық тарап еліміздегі саяси реформалар туралы сөз қозғап, демократизациялау үдерістері туралы айтып берді. Ұлыбританиялық тарап екі елдің игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыс нәтижесімен бөлісті, деп хабарлайды Kazinform тілшісі. 

Соңғы 30 жыл көлемінде екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік нығая түсті. 2023 жылдың өзінде жоғары деңгейдегі іссапарлар көп болды. Астанаға Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі, Бизнес және сауда істері жөніндегі мемлекеттік министрі, Қорғаныс министрінің орынбасары және ел парламентінің өкілдері келді. Лондонға Мәжіліс төрағасы барып, Қазақстанның атынан ІІІ Чарльздің таққа отыру салтанатты шарасына қатысты. Бұдан бөлек бірқатар министрлер мен жоғары лауазымды тұлғалар да Тұманды Альбионға ат терлетті. 

Фото: Ғалымжан Қараманұлы/Kazinform

«Британиялықтарды елімізге деген қызығушылығы ерекше сезіледі. Қарым-қатынасты белсендірек жүргізуге деген ниеті бар. Бүгінгі дөңгелек үстелге қатысушыларда бізді алда жарқын әрі нәтижелі істер күтіп тұр деген ортақ пайымға келді», - дейді Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Мағжан Ілиясов.

Іс-шараға Ұлыбритания Парламентінің депутаттары, саясаткерлер, ғылыми ортаның және бизнес қауымдастықтың өкілдері қатысып, Қазақстанның геосаяси жағдайының маңызына тоқталды. Алыс-жақын мемлекеттермен қарым-қатынас орнатқанда ұлттық мүдделерге басымдық берген еліміздің сыртқы саясатына жоғары баға берді.

«Геосаяси ынтымақтастығымызды арттырып, байланыстарымызды нығайту мақсатында жылдамырақ әрекет етуіміз керек. Қос мемлекеттің де болашағын жарқын ете түсу үшін бұл істі жеке-дара емес, біріге отырып жасасақ талай шыңды бағындырарымыз сөзсіз», - дейді Ұлыбритания Қорғаныс штабыныың бұрынғы басшысы Дэвид Ричардс.

Фото: Ғалымжан Қараманұлы/Kazinform

«Бірлесе атқаратын жұмыс көп. Минералдық ресурстар, жартылай өткізгіш батарея технологиясы және басқа да бағыттар бойынша ынтымақтастығымыз кеңейе түспек. Сонымен қатар білім беру саласында да қоян-қолтық жұмыс істейміз. Мамандардың біліктілігін арттыру үшін тәжірбие алмасуымыз маңызды», - дейді Ұлыбритания парламентінің мүшесі Пол Скалли.

Бүгінде Қазақстан – білім беру ғана емес, энергетика, өте маңызды пайдалы қазбалар, климаттың өзгеруі, қорғаныс пен қауіпсіздік сынды бірқатар маңызды мәселе бойынша Ұлыбританияның Орталық Азиядағы маңызды экономикалық серіктесі. Сауда-саттық қарым-қатынасы қарқынды дамып, оның көлемі жылына 3 млрд стерлинг фунтына жуықтап отыр. Бұдан бөлек, Ұлыбритания еліміздегі ірі инвесторлардың үздік жетілігіне кіреді.