Астана мен өзге өңірлерде трассалар жабық
«Ауа райының күрт нашарлауына байланысты (жаңбыр, қар, жел) «Астана қаласы – Қарағанды облысының шекарасы» және «Ақмола облысының шекарасы – Теміртау қаласы» бағыттары жабық», - делінген компания мәліметінде.
Жаңбыр, қар, қатты жел және көктайғаққа байланысты барлық көлік түрлеріне жабылған Астанадан шығатын жолдар:
- республикалық маңызы бар (Астана-Қорғалжын тасжолының 19-124 шақырым аралығы), «Астана қаласы – Қорғалжын ауданы» учаскесі;
- республикалық маңызы бар (Екатеринбург қаласы – Алматы қаласы трассасы, 1291-1353 шақырым аралығы), «Астана қаласы –Анар бекеті» учаскесі;
- республикалық маңызы бар (Астана – Ерейментау – Шідерті тасжолының 16-200 шақырым аралығы) «Астана қаласы – Павлодар облысының шекарасы» учаскесі.
Сағат 19:30-де Қостанай облысындаборан мен жолдың нашар көрінуіне байланысты (А-16 «Жезқазған - Петропавл» автожолының 340-377 шақырым аралығы) Арқалық қаласынан - Ақмола облысының шекарасына дейінгі учаске барлық транспорт үшін жабылды.
Сондай-ақ Қазавтожолдың Қызылорда облысы бойынша филиалынан мәлім еткендей, Ақтөбе облысындағы көктайғақ пен қатты желге байланысты республикалық маңызы бар М-32 «Самара-Шымкент» автомобиль жолының 1240-1357 шақырым аралығына (Ақтөбе облысының шекарасынан Арал ауданы орталығына дейін) барлық көлік қозғалысына шектеу қойылды.
Еске салайық, синоптиктер ел өңірлерінде күн райы бұзылатыны жөнінде бірнеше күннен ескерту жариялап жатыр. Бүгін Ақтөбе облысында «Самара-Шымкент» тасжолының екі учаскесі әлі ашылмағанын жазған едік. Бұл – «ЭКО Ойл» жанармай құю станциясы - Қарабұтақ ауылы учаскесі және Қарабұтақ ауылы - Ырғыз ауылы учаскесі.
Ақмола облысында қатты боранда бақташылар 100-ге жуық жылқыны жоғалтып алған.