Қазақстан мен Франция стратегиялық маңызды шикізат материалдары саласындағы ынтымақтастық жөніндегі бірлескен жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізді. Бейнеконференция форматында өткен кездесуде тараптар геологиялық барлау, шикізатты өңдеу және тау-кен өнеркәсібін дамыту бағытындағы өзара іс-қимылды талқылады.
Отырыс Қазақстан–Франция үкіметаралық комиссиясының 2025 жылғы желтоқсандағы келісімдерін іске асыру аясында ұйымдастырылды. Кездесуге ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Олжас Әлібеков пен Францияның минералдық шикізат және металдармен стратегиялық қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық делегаты Бенжамен Галлезо тең төрағалық етті.
Тараптар геологиялық картография, деректер алмасу, зертханалық зерттеулер, жер қойнауын пайдалану және заманауи тау-кен өндірісін дамыту мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ титан мен өзге де стратегиялық ресурстарды жеткізу, бизнес өкілдері арасындағы тікелей байланыстарды кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында Олжас Әлібеков Қазақстанның Еуропалық одақтың стратегиялық маңызды шикізат материалдары тізіміне енген 34 ресурстың 21 түрін өндіріп, өңдейтінін атап өтті. Сонымен қатар елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту және жер қойнауын пайдалану саласын цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар таныстырылды.
Қазақстандық тарап франциялық серіктестерді геологиялық барлау, шикізатты терең өңдеу және жаңа технологияларды енгізу бағытындағы бірлескен жобаларға белсенді қатысуға шақырды.
Кездесу қорытындысында екі ел өкілдері ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға және бірлескен бастамаларды жүзеге асыруды жалғастыруға дайын екендерін мәлімдеді.
Осыған дейін Қазақстан мен Франция атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты кеңейтетінін жазғанбыз.