ҚР Көлік министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, келіссөздердің негізгі тақырыбы Астана – Шанхай бағыты бойынша тікелей әуе қатынасын ашу мәселесі болды. Әуе компаниясының өкілдері аталған бағытқа жоғары коммерциялық қызығушылық танытып отырғанын растап, қажетті дайындық жұмыстарын аяқтағаннан кейін биылғы күзден бастап рейстерді іске қосуға дайын екендерін мәлімдеді. Бастапқы кезеңде рейстер аптасына үш рет орындалып, кейіннен олардың жиілігін күнделікті рейске дейін арттыру жоспарлануда.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы бағыттар желісін одан әрі кеңейту перспективаларын да талқылады. Әуе компаниясының басшылығы Қазақстанға орындалатын рейстер санын көбейтуге, сондай-ақ қазақстандық әуе тасымалдаушыларымен ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірді.
Жаңа бағыттың ашылуы Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе қатынасын дамыту жөніндегі уағдаластықтарды іске асырудағы кезекті маңызды қадам болмақ. Екі елдің іскерлік және саяси орталықтарын тікелей әуе қатынасымен байланыстыру туристік, іскерлік және инвестициялық байланыстардың одан әрі нығаюына, сондай-ақ Қазақстанның транзиттік әлеуетін кеңейтуге ықпал етеді.
Осыған дейін Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе рейстері аптасына 152-ге дейін көбейетіні туралы жаздық.