Астана мен Ташкент ынтымақтастығы өзге елдерге үлгі – Өзбекстанның су шаруашылығы министрі

Фото: Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Ташкентте өткен су дипломатиясы тақырыбына арналған конференция аясында Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев Kazinform агенттігінің меншікті тілшісіне сұхбат беріп, Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін мәлімдеді.

— Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бүгінгі қарым-қатынас мені қуантады. Кейінгі жылдары екі ел арасында су шаруашылығы саласында ынтымақтастық нығайып келеді, нәтижелер жетерлік. Бұл өзге мемлекеттерге үлгі болуы тиіс. Біз бір-бірімізді бір ауыз сөзден түсінетін деңгейге жеттік. Нақты есеп пен ортақ болжамдар бар. Атап айтқанда, қай арна арқылы қанша су алатынымыз, қанша көлемде су беретініміздің барлығы толық келісілген, — деді Шавкат Хамраев.

Министрдің айтуынша, су дипломатиясы қандай да бір елдің ұлттық мүддесіне кереғар келмеуі тиіс. Шавкат Хамраевтың пайымы келешекте қабылдануы ықтимал шешімдер барлық тараптың дамуы мен өркендеуі жолында қызмет етуі керек дегенге саяды.

— Біз алдағы уақытта трансшекаралық өзендердің бойына салынатын гидротехникалық нысандардың баршаға пайда әкелуі тиіс екенін ескеруіміз қажет. Осы орайда Қазақстан мен Өзбекстан ақылдаса отырып әрекет етіп келеді, — деп жауап берді Ш. Хамраев Kazinform тілшісінің сауалына.

Министр мәлім еткендей, ресми Ташкент су ресурстарын басқару және оны тиімді пайдалану саласында Астанамен ынтымақтастықты ілгерілетуге ниетті.

— Күні кеше Қазақстан жаңа Су кодексін қабылдады. Бұл ретте Өзбекстан да өзінің Су кодексін жаңа редакцияда мақұлдауға ниетті. Қазір бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр. Тиісінше, біз Қазақстанмен ынтымақтастықты бекемдей түсеміз, біз оған мүдделіміз, — деп түйіндеді Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі.

Еске салайық, бүгін Өзбекстан астанасында «Орталық Азиядағы су дипломатиясы: тұрақты дамуға негізделген сенім, диалог және ынтымақтастық» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Мұндай форматтағы басқосуда алғаш рет Ауғанстан делегациясы төбе көрсетті.

Қоса кетсек, таяуда ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Өзбекстанда өткен Климат форумы аясында Kazinform тілшісіне сұхбат беріп, су тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған жобалардың барысын баяндады. Атап айтқанда, ведомство басшысы суды ынтымақтастық құру ресурсы ретінде қарастырудың маңызына тоқталды.