«Астана - менің өмірімнің әуені» республикалық ауқымдағы ән байқауы жарияланды

АСТАНА. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат - «Астана - менің өмірімнің әуені» республикалық ауқымдағы ән байқауы жарияланды.

Бүгін «Бәйтерек» халықаралық медиа-орталығының хабарлағанындай, байқау шарттары қарапайым. Қатысушылардың жастары 18-ден 30-ға дейін болуы тиіс. Әр үміткер байқауға екі-екіден ән композицияларын (CD немесе DV тасымалдағыштарында) ұсынады. Бір ән - «еркін» тақырыпта, екіншісі - жаңа болуы, елордамыз - Астанаға арналуы тиіс. Ән жазылған дискілерге 6х12 пішімде, көркем стильде орындалған өзінің фотосуретін міндетті түрде қоса беруі қажет.

Сонымен қатар, гала-концертке қатысу үшін барлық музыкалық жанрлар бойынша өтініштер қабылданады. Олар үшін жеке тыңдау өткізіледі.

Наурызда іріктеу туры өтеді, сәуірде жолы болған номинанттарға Астанадағы Гала-концерт финалында ән шырқаудың мүмкіндігі беріледі.

Қатысуға арналған өтінімдер наурыздың 1-іне дейін: Астана қаласы Бейбітшілік көшесі, 25, «Өркен» іскерлік орталығы, 4-ші қабат, 414-ші, 406-шы кеңсе мекен-жайы бойынша қабылданады.