«Астана-Мерей» Халықаралық жас орындаушылар конкурсы өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Қазақ ұлттық өнер университетімен бірлесіп 2014 жылдың 8-12 желтоқсан аралығында Астана қаласында «Астана-Мерей» Халықаралық жас орындаушылар конкурсын өткізеді. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметінен хабарланды.

Конкурсты өткізудің басты идеясы - музыка өнері саласындағы дарынды балаларды анықтау, жас орындаушылардың орындаушылық шеберлігін арттыру және шығармашылық әлеуетін дамыту болып табылады. Сонымен қатар, ауқымды шара Қазақстанда ұлттық мәдениетті дамытуды белсендіру, әлемдік және отандық мәдениеттің ең үздік үлгілерін насихаттау мақсатын да көздеп отыр. Ал жас орындаушылар конкурсына 10-16 жас аралығындағы оқушылар «Ағаш үрлемелі аспаптары» және «Мыс үрлемелі және соқпалы аспаптары» аталымы бойынша қатысатын болады.

Халықаралық конкурска қатысушыларды Италиядан келген классикалық музыка саласындағы білікті мамандар, мәдениет және өнер саласына еңбек сіңірген қайраткерлерден құрылған oтандық қазылар алқасы анықтайды. Конкурстың маңыздылығы ҚР Білім және ғылым министрлігінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталған жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Қазақстанның жоғары музыкалық оқу орындарына түсу кезінде білім беру гранттарын тағайындауда басым құқық беріледі. Конкурстың салтанатты ашылуы 2014 жылы 8 желтоқсанда Қазақ ұлттық өнер университетінің Орган залында өтеді.