Астана мешітінде болған өрт салдарынан қаза тапқан адамның тұлғасы анықталды

АСТАНА. 16 қаңтар. ҚазАқпарат - Астанадағы «Хазірет Сұлтан» мешітінде болған өрт салдарынан қаза тапқан адамның тұлғасы анықталды.

ҚР ТЖМ-ның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, ол - «Асқар» Жеке кәсіпкерлігінің сылақшысы, 1989 жылы дүниеге келген Бауыржан Маралбек.

«Өрттің шығуының себебі мен келтірілген шығынды анықтау бойынша жұмыстар жалғасуда», делінген ведомствоның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Еске салайық, елордада жаңадан салынып жатқан «Хазірет Сұлтан» мешітінде өрт кеше, 15 қаңтар күні болды. Төтенше жағдай туралы хабар сағат 15.19-да түсті. Құтқарушылар оқиға орнына 10 минуттан соң жетіп, өртке оранған ғимараттан 13 адамды аман-есен алып шықты. Тілсіз жауды ауыздықтауға ТЖД-нің 171 қызметкері мен 35 техникасы жұмылдырылды. 800 шаршы метр аумақты шарпыған жалын сағат 17.49-да толығымен ауыздықталды.