Астана қаласы мешіттерінің бастамасымен азаматтар жұмылып, аялдамаларда қоғамдық көліктерді күтіп қалған қала тұрғындарын діттеген жеріне тегін жеткізіп, жол тазалайтындар мен құрылысшыларға тегін ыстық тамақ таратты. Сондай-ақ, қайырымдылық шарасы барысында үйін жылыта алмай отырған 25 отбасыға көмір жеткізіліп беріледі.
«Аязды күндері тұрғындарға барынша жәрдемдесу, көмекке мұқтаж кісілерге, жанұяларға қол ұшын созу - акциямыздың басты мақсаты. Кеше тұрмысы төмен 4 үйге көмір жеткізілді. Әр аулаға 1,5 тоннадан отын түсірілді. Аптаның соңына қарай 2 тоннаға дейін көбейтіп, 25 отбасына көмір жеткізіледі деп көздеп отырмыз», - деп мәлімдеді «Нұр Астана» мешітінің ұстазы Ілияс Отаров.
Оның мәліметіне сүйенсек, екі күнде 400 адамға тегін ыстық тамақ таратылған. Олардың арасында аялдамада автобус күткнедер, көше тазалайтындар мен құрылысшылар бар.
Сонымен қатар, акция кезінде арнайы логотиптері бар көліктер аялдамаларда қоғамдық автобустарды күтіп тұрғандарды діттеген жеріне тегін жеткізеді. Ілияс Отаровтың айтуынша, шара туралы әлеуметтік желіден білген тұрғындар оған өз үлестерін қосып жатыр.
«Акцияның басында 20 көлік болса, бүгін біздің қатарымызда 50 шақты жүргізуші бар. Олардың көліктеріне өзіміздің арнайы логотипімізді жабыстырып, таксидің шарттарын қолдарына ұстатып, көліктерді жіберіп жатырмыз. Машинасы жоқ кісілердің, таңертең көлігі от алмай жатқан адамдарды таксилерге отырғызып, қызмет үшін өз ақшасын төлеген жағдайлар да кездеседі. Күннің суығына қарамастан қалалықтардың жан жылуын, жүрегінің кеңдігін, мейірімділігін көрсетіп жатқан жайы бізді қуантады», - деп түйіндеді ол.
«Астана - мейірімді қала» акциясы аяз күші қайтқанша жалғасады.