«Astana Motorsports» командасы «Дакар-2015» жарысындағы ең қызықты кезеңдер туралы айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін өткен баспасөз мәслихатында «Astana Motorsports» командасының мүшелері жер шарындағы ең беделді әрі қауіпті ралли-марафон «Дакар-2015» жарысындағы ең қызықты сәттерімен бөлісті.

Команда көшбасшысы Артур Ардавичустың айтуынша, жарыс кезінде атапқа ұшыраған мотоцикльшіге қазақстандықтар көмек көрсеткен. Кейіннен белгілі болғандай, ол белгілі бизнесменнің ұлы екен және қазақстандық кәсіпкердің сенімді серіктесі болып шықты.

«Ұшақта мен қазақстандық кәсіпкермен таныстым. Ол көпкүндік кезінде апатқа ұшыраған мотоцикльші белгілі шетелдік кәсіпкердің баласы екенін және ол кәсіпкер өзінің әріптесі екенін айтты. Сонымен қатар, отандасымыздың айтуынша, әлгі жігіттің әкесі бізге алғысын жеткізуді өтінген екен», - деді Артур Ардавичус.

Айта кетейік, жарыс кезінде қазақстандықтардың алдында келе жатқан Колумбиялық мотоцикльші оқыстан көлігімен бірге омақаса құлап, бірнеше рет аунап түскен болатын. Артурдың экипажы оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оны алып кетуге тікұшақ шақыртқан еді.

Сонымен қатар, «Дакар-2015» жарысында есте қаларлық тағы бір жарқын сәт - біздің шабандоздарымыздың шетелдік әріптестеріне ет асып бергені болды. Боливиядағы жолдардың бірінде жүргізуші Денис Березовский қазақтың ұлттық тағамын әзірлеп, барлық шетелдік шабандоздар мен олардың көмекшілерінің алдына тартқан болатын.

«Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының бас директоры Владимир Смирнов өз кезегінде жарысқа қатысушыларды үздік ондыққа енуімен құттықтап, алғысын білдірді.

«Бүкіл еліміз сіздерге жанкүйер болып, әр кезең сайын қобалжып, жетістіктеріңізден көз жазбай, бақылап отырды. Мұндай беделді жарыста үздік ондыққа ілігу - біздің команданың және барша халқымыздың үлкен жетістігі. Мен «Астана» ұлттық спорт брендінің есімі халықаралық спорт алаңында лайықты түрде таныстырылды деп сеніммен айта аламын», - деді ол.

Естеріңізге салайық, «Дакар-2015» 4 қаңтарда басталып, 17 қаңтарда мәресіне жетті. Жарыстың 14 күнінде қатысушылар Аргентина, Чили және Боливия елдерінің территориясымен тоғыз мыңға жуық шақырымды басып өтті. Жарысқа Қазақстан атынан Astana Motorsport командасының бір жүк және үш жеңіл көліктен құралған төрт экипажы қатысты. Жалпы есепте олар үздік ондыққа ілікті.