Астана неге алабажақ? - баспасөзге шолу

None
АСТАНА. 25 сәуір. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 28 сәуір, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Қостанай облысының Қарабалық ауданымен іргелес жатқан Ресейдің Троицк қаласында қазақ тілі мен мәдениетінің күндері болып өтті. Осы шараның аясында 1911-1915 жылдары жарық көрген «Айқап» журналына арнап, баспанахана болған тарихи ғимараттың қабырғасына ескерткіш тақта ілінді. Оған Челябі облысында тұратын қандастарымыз, Қостанайдан барған делегация мүшелері және Сыртқы істер министрлігі мемлекеттік тіл және лингвистикалық сараптама басқармасының басшысы Серікқали Бәйменше қатысты. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында жазады. Газеттің жазуынша, «Айқап» журналына ескерткіш тақта ілу туралы бастаманы өткен жылы Серікқали Бәйменше Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде қызмет істеп жүрген кезінде көтерген болатын. Челябідегі қазақтардың «Азамат» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Болат Хасановпен Троицк қаласына келіп, «Айқап» журналы шыққан «Энергия» баспаханасы болған үйді тауып, ескерткіш тақта туралы қала басшылығымен де келісіп кеткен болатын.

Басылымның атап өтуінше, тақтаның ашылу салтанатында сөз алған Троицк қаласының басшысы Виктор Щекотов «Айқап» журналы туралы өз ойымен бөліскен. «Осыдан бір ғасырдан артық уақыт бұрын қазақ тіліндегі «Айқап» журналы осы ғимаратта басылып шығып, қазақтың кең даласына тарады. Өлкетанушылардың, тарихшылардың дайындаған материалдарынан «Айқап» журналы қазақ әдебиеті мен өнеріне, ағартушылық тарихына қойылған жазбаша ескерткіш» деген сөйлемді оқып, бұл басылымның халқына еткен қызметінің өлшеусіз маңызын түсінгендей болдым. Оның редакторы Мұхаметжан Сералиннің өз уақытынан озып туған, алдыңғы қатарлы адам екеніне көзім жетті. Осындай ескерткіш тақта ашылғанына троицкіліктер де қуанады, біздің қаламызда тұтас бір халықтың тамаша тарихы жатқанын мақтаныш етеміз», - деді ол.

Қазіргі күні «Қорғас» бекеті десе жұрттың бәрі елең ете қалатын болды. Ондағы кезінде ел-жұртты дүрліктірген келеңсіздіктер дүмпуі әлі басылар емес. Дегенмен, қылмыскерлерге «Қорғас» қорған болудан қалып бара жатқан секілді. Себебі, енді атышулы «Қорғас», «Қалжат» және «Достық» кеден бекеттері арқылы контрабандалық тауарларды кедергісіз өткізіп, ақша табу амалы әзірге алыстай түскен көрінеді. Оған жақында еліміздің Бас прокуратурасының арнайы прокурорының жетекшілігімен «Қорғас» қылмыстық ісінің тергелуі аяқталып, айыптау қорытындысымен Алматы қаласының прокурорына жолданғаны айғақ болып тұр. Бұл туралы да «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санында жазылған.

Басылымның жазуынша, соған орай Алматы қаласының прокуроры айыптау қорытындысын бекіткеннен кейін іс Алматы қаласының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық әскери сотына қарау үшін жолданғанын хабарлады. Айыпталушыларға және олардың қорғаушыларына көлемі 35 томды құрайтын айыптау қорытындылары табыс етіліпті. Ал сотқа түскен қылмыстық істердің көлемі 1576 томды құрайды.

Газет келтірген мәліметтерге сүйенсек, ұйымдасқан қылмыстық қауымдастық мүшелерінің қылмыстық жолмен табылған мүліктерін анықтау үшін атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша 67 жылжымайтын мүлік нысанына, 162 автокөлікке, банк есеп-шоттарында, сейфтерде сақталған 69 млн. теңгеге, 1,5 млн. АҚШ долларына, 164 мың евроға, құны 1,5 млн. теңгені құрайтын алтынның 8 троя унциясына (284,828 грамм), құны 2,6 млн. теңгені құрайтын платинаның 10 троя унциясына (311,035 грамм), құны 1,1 млн. теңгені құрайтын палладийдің 10 троя унциясына (311,035 грамм) тоқтам салынған көрінеді. Осы және басқа да деректер «Қорғас ісі». Сең қозғалды» деген тақырыппен берілген мақалада толығымен келтірілген.

***

«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қаланың әрі қарайғы дамуы барысына арналған кеңесте Астана қаласындағы ғимараттардың сұрғылт, сүреңсіздігіне назар аудартты. Астананың түсі қандай болуы керек?» деп жазады «Айқын» газеті «Астана неге алабажақ?» атты мақаласында.

Басылымның жазуынша, қаланың сыртқы келбеті оның ішкі мазмұнынан хабар береді. Қала сәулеті оның мәдениетінің ажырамас бөлігі. Таяуда Қазақстанның басты екі қаласында болып қайтқан жапон жур¬налисі әңгіме арасында: «Астана тым жасанды көрінеді. Алматының сүйкімділігі басым», деді. Ол «жасанды» дегенде осындағы көшірме ғимараттардың көптігін меңзесе керек.Жақында орталық көшелердің бірімен бойлай өтіп бара жатып, «ағылшын» кварталы жарнамасын көзім шалды. Мұнда келешекте астаналықтар Тұманды Альбионның астанасында жүргендей әсерге бөленбек. Олардың да ағылшындар тәрізді шағын «биг-бені» мен қызыл түсті телефон будкалары болады... «Қала романсы» жобасы аясында тағы да «араб», «қытай», «жапон», «италиялық» және тағы басқа кварталдар салынбақшы. Астанадағы 55 гектар жерде әлемнің ірі мемлекеттерінің мәдениеттері осылай көрініс таппақ...

Автордың атап өтуінше, Мемлекет басшысы сәулетшілерде креативті идеяның тапшылығын талай сынаған. Осы жолы да Астанадағы әрбір үй өзінің сәулеті мен сапасына қарай бірегей болуы тиіс екендігін баса айтты. Сонда ғана үйлердің салынуына жер бөлініп, рұқсат етілуі тиіс. Мысал ретінде ол «Базис-А» компаниясының үйлерін тілге тиек етті. «Компания «Астана опера» жаңа театры қасынан қорап-үйлер салуда. Адамдар келеді, тартымды жерді қармап қалды: бір жағынан театр, мында «Хан Шатыр», мында қонақүй, енді олар не көреді? Мен ішінің қандай екенін білмеймін, сыртқы келбетіне назар аударамын: қара, сұр, қоңыр бояулар», - деді Президент.

Президент Астана билігіне қаланы әшекейлеу ісіне қатысты тәсілді өзгерту керектігін ескертті. «Мен сіздерге қаншама рет айттым, біз оң жағалауды сала бастағанда, айтқан едім: мына жақта 6 ай қыс, жасыл-желек жоқ, ғимараттардың өздері, үйлер қаланы әрлендіруі тиіс, ол жерлерде күн шуағы төгіліп тұруы керек. Қай бояу ең көбірек келеді? Бір жерде бұл алтын түстес, көк және ақ пен көк араласқан, сәулетші оның бәрін қадағалауы тиіс», - дейді Мемлекет басшысы. Президент әртүрлі кварталдардың салынатындығына қатысты да өз пікірін білдірді. «Италиялық, тағы басқа кварталдар саламын деп айттың...Өзенде катермен жүріп, олар нені көреді? Оның итальяндық екенін кім көреді. Осы жерді алатын кезде қандай бояулар, қандай суреттер болатынын айттың...Сұрғылттықтан басқа ештеңе де жоқ», - деді Мемлекет басшысы құрылыс компаниясының басшысына. Белгілі сәулетші Шоқан Матайбеков әрбір жоба талқыланған кезде қалалық құрылыс салу кеңесінде олардың сыртқы келбеті ғана емес, түстері де сөз болатындығын айтады. Сәулетшінің бастапқы идеясы толық жүзеге асқанша мың құбылады. Себебі кеңесте сәулетшіден өзге қалалық әкімшілік, құрылыс компаниясы өкілдері де болады. Ғимаратты салатын тапсырыс беруші үнемдеу мақсатында сәулетшінің ұсыныстарын толық жүзеге асырмауы мүмкін. «Тапсырыс беруші ғимаратты арзанға салуға ұмтылады. Ал олар архитектура мамандары емес», - дейді Мәлібеков.

Ақиқатында әлемдегі ең данышпан адамдар кімдер? Бұл сауал қандай өлшемге қатысты анықталады? Жалпы, адамның ақылды болуы миының салмағына байланысты ма? Әрине, пікірлер әрқилы. Десек те, ғаламтор мен зерттеу агенттіктерінің осыған қатысты өз болжамдары бар. Мұндай қызықты деректерді «Айқын» газеті ұсынып отыр. Басылымның атап өтуінше, негізі адамның ақылдылығы оның миына қарап бағаланады десек, бұл дұрыс қисын ба? Егер осы пікірге ден қоятын болсақ, ауыр салмақты ми Тургеневтікі (2012 грамм) болып шығады , ал Эйнштейндікі 2000 грамм. Рас, екеуінің танымалдылығы жоғары. Бірақ...

Психологияда «интеллект коэффициенті» деген бар. Бұл ереже бойынша адамның өресінің мықтылығын арнайы тест сауалдары арқылы анықтайды. 1912 жылы неміс ғалымы Штерн енгізген бұл жүйе шындығында әлемдегі кімнің ақылды, логикалық жағынан ойлау, тез арада шешім табуының мықтылығы және тапқырлығымен өлшенеді. Кім бұл сұрақтарға көбірек дұрыс жауап берсе, сол да-нышпан. Бірақ ол қаншалықты қисынды? Мысалы, Штерннің арнайы тест ережесі бойынша 0 ден 19-ға дейінгі бірлік көрсеткіші бар адамдардың ақыл-ойы дамымаған болып саналады. 20-36 бірлік кеш дамуы, 69-85 бірлік орта деңгейге жақындау, 86-144 бірлік орта деңгей, 115-124 бірлік орта деңгейден биік, 125-134 бірлік ақылы толысқан, ал 135-тен жоғары көрсеткіш данышпан деп саналады екен. Мақала «Ең ақылды адамдар...» деген тақырыппен берілген.