НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 36-ракеткасы Александр Бублик Astana Open ATP 250 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген А.Бублик турнирді екінші айналымнан бастап, дүниежүзілік рейтингте 60-орында тұрған сербиялық Миомир Кецмановичпен кездесті.
Тартысты өткен матчта қазақстандық теннисші 2:6, 6:3, 7:5 есебімен жеңіске жетті.
Екі сағатқа созылған бәсеке барысында А.Бублик 18 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың екеуін мүлт жіберген жоқ. Қарсыласы 4 эйс, 2 (7 брейк-пойнт) брейкке қол жеткізді.
А.Бублик жартылай финалға шығу үшін Беларусь өкілі Егор Герасимов немесе испаниялық Карлос Табернердің біреуімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Острава турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).