НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 34-ракеткасы Александр Бублик Astana Open ATP 250 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы жарыстың екінші ракеткасы А.Бублик ширек финалда дүниежүзілік рейтингте 117-орында тұрған испаниялық Карлос Табернермен күш сынасты.
Бірінші партия барысында брейк жасаған қазақстандық теннисші сол басымдылығын сақтап қалды - 6:3.
Екінші сетте есеп 3:3 болған мезетте Бублик тағы да брейкке қол жеткізіп, матчты жеңіспен түйіндеді - 6:4.
Сағат жарымға жуық уақытқа созылған бәсеке Бублик 17 эйс жасаса, қарсыласы төртеуден аса алған жоқ.
А.Бублик финалға шығу үшін әлемнің 82-ракеткасы, оңтүстіккореялық Квон Сун Вумен таласады. Ол ширек финалда әлемнің 49-ыншы, доданың 7-ракеткасы, сербиялық Ласло Дьерені 7:6 (7:4), 2:6, 6:0 есебімен ұтты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Остравада , Astana Open турнирінде А.Бубликтің ширек финалға шыққанын жазған болатынбыз.
А.Голубев пен А.Недовесов жартылай финалға шыға алмады .
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).