НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Анна Данилина жұптық сында Astana Open WTA 250 турнирінің жартылай финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ресейлік Анна Блинковамен бірге жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген А.Данилина ширек финалда ресейлік Натела Дзаламидзе – словениялық Кайя Йуванмен сынға түсті.
Бірінші партияда ресейлік-словениялық жұп басым түсті – 6:1.
Екіншісінде Данилина мен Блинкова тай-брейкте есе қайырды – 7:6 (7:5).
Супер тай-брейкте Дзаламидзе мен Йуван жеңісті жұлып алды – 10:5.
Сағат жарымнан астам уақытқа созылған матчта ресейлік-словениялық жұп 4 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қазақстандық-ресейлік жұп бір ғана брейктен аса алмады.
Осылайша А.Данилина жұптық сында да жарыс жолынан шығып қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Astana Open турнирінің ширек финалына өткенін, Елена Рыбакинаның Чикаго жарысында үшінші айналымға шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).