Astana Open ATP 250 турнирінің финалына шыққан теннисшілер белгілі болды
Елордада Astana Open ATP 250 турнирінің финалына шыққан теннисшілер белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алдымен әлемнің 28-ракеткасы, 23 жастағы америкалық Себастьян Корда соңғы бәсекеге жолдама алды.
С.Корда жартылай финалда 3 сағатқа жуық уақытқа созылған аса тартысты бәсекеде дүниежүзілік рейтингте 120-орында тұрған 20 жастағы сербиялық Хамад Медьедовичті 6:7 (8:10), 7:6 (7:2), 7:6 (7:3) есебімен жеңді.
Екінші жартылай финалда әлемнің 34-ракеткасы, франциялық Адриан Маннарино рейтингте 58-сатыдағы аустриялық Себастьян Офнерді 6:4, 6:2 есебімен жолдан тайдырды.
Осылайша, чемпиондық атақ үшін С.Корда мен тіс қаққан ойыншы, 35 жастағы А.Маннарино таласады.
Франциялық спортшы осымен финалға екінші рет шығып отыр. Ол 2020 жылы аустралиялық Джон Миллманға есе жіберген еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаны Бейжіңде Азиада чемпионын ойсырата ұтқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық теннисшілер Шанхайдағы мастерс турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады.