НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандықтар Андрей Голубев пен Александр Недовесов жұптық сында Astana Open ATP 250 турнирінің жартылай финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарыстың екінші ракеткалары болып тіркелген қазақстандық жұп ширек финалда монаколық Ромен Арнеодо - франциялық Бенджамин Бонзимен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда монаколық-франциялық жұп 6:4 есебімен басым түсті.
Екіншісінде қазақстандықтар дәл осындай есеппен қарымта қайырды.
Супер тай-брейкте Арнеодо мен Бонзидің жолы болды - 10:7.
Сағат жарымдай уақытқа созылған матчта қарсыластар екі реттен эйс жасап, бір-бірден брейкке қол жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Острава турнирінің, Astana Open жарысында Александр Бубликтің ширек финалға шыққанын жазған болатынбыз.
А.Бублик ширек финалда испаниялық Карлос Табернермен кортқа шығады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).